Меню CARMA.KZ

АҚШ-та  басым көпшілігі ішкі жану қозғалтқышты көліктерді таңдайды

Compare the Market сайтының сауалнамасына сәйкес, АҚШ-та тек 33,8%-ы ғана электрлі көліктерді жөн көреді.

АҚШ-та басым көпшілігі ішкі жану қозғалтқышты көліктерді таңдайды / Фото: Motor1.com
АҚШ-та басым көпшілігі ішкі жану қозғалтқышты көліктерді таңдайды / Фото: Motor1.com

АҚШ-та жүргізушілердің басым бөлігі ішкі жану қозғалтқыштары бар көліктерді қалайды. Дей тұрғанмен, АҚШ 2021 жылы электрлі көліктердің саудасы бойынша әлемдегі үздік үштікке кірген, деп хабарлайды carscoops.com ресурсы.

Анонимді зерттеу аустралиялық Compare the Market сайтында онлайн сауалнама ретінде жүргізілді. Оған АҚШ, Аустралия және Канада елінің тұрғындары қатысқан. Зерттеудің мақсаты — халықтың қай қозғалтқыш түрін (ішкі жану немесе электрлі қозғалтқыш) таңдайтынын анықтау. Нәтижесінде, АҚШ-тың жүргізушілері консервативті болып шықты. Сауалнамаға қатысқан 10 мың адамның 52,9%-ы бензинмен немесе дизельмен жұмыс істейтін көлікті жөн көреді.

АҚШ-тағы сауалнамада электрлі және гибридті көліктерді қолдайтындар 33,8%-ды құрайтынын көрсетті. Ал жүргізушілердің қалған 13%-ына отынның қай түрін пайдалану маңызды емес. Бір қызығы, АҚШ 2021 жылы электрлі көліктерді сату бойынша Қытай мен Германиядан кейін үшінші орынды иеленді. Өткен жылы АҚШ-та 631 мың электромобиль сатылды. Германияда — 695 мың, ал Қытайда — 3,5 млн.

Compare the Market сауалнамасы бойынша, Аустралия керісінше электрлі көліктерді жөн көреді екен. Жүргізушілердің 50,8%-ы электромобильдерді таңдаса, 36,2%-ы нарықта ішкі жану қозғалтқыштарын қалдыру қажет деп санайды. Ал қалған 13%-ы екі көлік түріне де отыруға дайын. Электрлі көліктерді қолдаушылардың ең жоғары көрсеткіші Канадада (51,4%). Ал ІЖҚ-ын жақтап 34,1% адам дауыс берген. Бұл елде екеуін де қалайтындар үлесі АҚШ пен Аустралияға қарағанда, 14,5%-ға жоғары болды.

АҚШ-та электрлі көліктерге деген көзқарасқа келетін болсақ, көбісі оған күмәнмен қарайды. Оның негізгі себептері ретінде, көліктердің алысқа ұзай алмайтындығын (респонденттердің 50,9%), ұзақ уақыт қуатталатындығы және қуаттау бекеттерінің аздығын (50,5%) атады. Ең бастысы ретінде электромобильдердің бағасы қалта көтермейтіндігі (54,4%) аталған.  Сауалнамаға қатысқандардың 32%-ы электрлі көлікті ары кетсе 25 мың долларға сатып алуға дайын. Бірақ АҚШ-та олардың бағасы қымбатырақ.

Сонымен қатар, ауқатты америкалықтардың арасында электромобильдерді жақсы көретіндер көп болды. Олар жанармаймен жүретін автомобильден екі есе қымбат, «жасыл» көлік үшін 65 мың доллардан артық ақша жұмсауға дайын. Америкалық жүргізушілердің тағы төрттен бірі электрлі көліктерге «тақалуға» қорқатынын мойындады, өйткені оның механизімін түсінбеуі мүмкін.  Бір қызығы, Tesla электромобильдерінің жиі кері қайтарылатындығына респонденттерінің 10%-ы ғана назар аударған.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
29.11.2022, 12:00