Әлемде Toyota көліктері бәрінен көп сатылады
Саудадан түспеген үздік 5-тіктің қатарында Ford F-Series пен Tesla-ның 2 моделі де бар.
2022 жылдың қаңтары мен қазаны аралығында әлем бойынша көп сатылған Toyota Corolla мен RAV4 автомобильдері болды. Өткен 10 айда олардың әрқайсысынан 840 және 654 мыңнан сатылыпты. Focus2Move сарапшыларының айтуынша, екі модель де былтырғы қаңтар-қазандағы көрсеткіштерімен салыстырғанда сауда деңгейі шамалы төмендеген. Егер Corolla-ның саудасы бар болғаны 5,6%-ға төмендесе, ал RAV4-тікі 15,6%-ға құлдырап кеткен.
Сұраныс жоғары үшінші автомобиль ол — Ford-тың F-Series моделі. Бұл модельді әсіресе Солтүстік Америкада ұнататындар көп, дегенмен автомобильдің саудасы 2022 жылы 11,4%-ға төмендеп қалды.
Төртінші және бесінші орындарда — Tesla-ның Model Y және Model 3 модельдері. 2022 жылдың қаңтар-қазанында екеуінен 513 және 492 мыңнан сатылды. Tesla Model Y тіпті жоғарылап, 22 орынға шықты. Автомобильдің саудасы былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 2 есе өскен.
Сондай-ақ ең көп сатылған үздік 10 көліктің қатарында Toyota Camry (489 мың), Honda CR-V (449 мың), Chevrolet Silverado (433 мың), Ram Pick up (422 мың) және Toyota Hilux (416 мың) бар.
Қазақстанның автобизнес қауымдастығының дерегі бойынша, 2022 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда ең көп сатылғаны — Chevrolet Cobalt (2,5 мың), екінші орында — Chevrolet Nexia (1,1 мың), үшінші орында — Hyundai Tucson (1,1 мың).
Ербол Мухамбаев, корреспондент
10.11.2022, 11:46