11 жыл ішінде Қазақстанда жол құрылысы мамандығы бойынша 3 докторант қана даярланған
Сарапшылар автожол саласында білікті мамандар тапшы екенін мәселе етіп көтерді.
Қазақ автомобиль-жол академиясының бірінші проректоры Гүлсім Еспаеваның айтуынша, автожол саласында білікті мамандар жетіспейді. Қазақстан бойынша тек 8 жоғары оқу орны «Көлік құрылысы» бойынша маман даярлайды.
«Неше жылдан бері «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша докторантураға бірде-бір білім гранты бөлінбей келді, осының салдарынан 11 жылда небәрі 3 докторант қана шықты. «Көлік құрылысы» бойынша даярлауды бөлек ашып, топтарға бөлу қажет», — деп мәлімдеді Гүлсім Еспаева Kaztraffic-2022 халықаралық көрмесі аясында өткен пленарлық отырыста.
Мәселені шешу үшін Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты жол саласы қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша оқу орталығының жұмысын жандандыратын болды. Онда тек студенттер ғана емес, сонымен қатар тәжірибелі мамандар да білімін жетілдіре алатынын айта кету керек.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
28.11.2022, 17:00