Меню CARMA.KZ

Түркия отандық алғашқы электромобилін таныстырды

С-сегментке жататын алғашқы Togg моделі 2023 жылдың үшінші тоқсанының соңында саудалана бастайды.

Түркия отандық алғашқы электромобилін таныстырды / Фото: Reuters
Түркия отандық алғашқы электромобилін таныстырды / Фото: Reuters

Сенбі күні өткен шарада президент Режеп Тайып Ердоған келесі жылы болатын сайлау қарсаңында экономикалық жетістіктерді атап көрсетуге тырысты.

«Түркияның отандық Togg автомобилі Еуропаның жолдарына барлық модельдерімен шығатын болады», — деп мәлімдеді конвейерден шыққан алғашқы автомобильмен жүріп көрген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған сенбі, 29 қазан күні өткен модельдің таныстырылымында.

Bloomberg хабарлауынша, Эрдоғанның айтуынша, Түркия Бурсада Togg өндірістік алаңына таяу маңнан литий-ионды аккумулятор шығаратын зауыт салу жөнінде әлемдегі ең танымал компаниямен келісімге қол қойды. Дегенмен Түркия президенті қай компаниямен келісімшартқа отырғандығын ашып айтпады.

Түркия Togg-қа дейін де өзінің автомобилін өміргі әкелген болатын. Сонау 1961 жылы түрік инженерлері төрт Devrim автомобилін жасап, олар да Togg секілді президенттің қатысуымен Республика күнін мерекелеуде таныстырылған. Алайда көліктер әрі қарай өндіріске кетпеді.

Біз сөз етіп отырған жаңа электромобиль 2018 жылдан бері әзірленіп жатқан болатын. Бірлескен кәсіпорында түріктің Anadolu Grubu, BMC, Turkcell және Vestel Elektronik секілді компанияларының әрқайсысының 23%-дан үлесі бар. Зауытта алғашқыда шағын жол талғамайтын көліктер шығарылып, одан соң тағы төрт модельдің өндірісі басталады.

Италиялық Pininfarina SpA компаниясы әзірлеген Togg автомобилі қазірдің өзінде 51%-ға жерсіндірілген, ал 2025 жылға қарай 65% жергілікті бөлшектерден құрастырылмақ.

Алғашқы Togg саудаға 2023 жылдың үшінші тоқсанының соңында шыға бастайды. Түрік компаниялары консорциумының жоспары бойынша түрік электромобилі алдымен Еуропаға, содан соң тек ішкі нарықта 15-18 ай саудаланған соң өзге елдерге экспортталмақшы. Компания 2030 жылға қарай 1 миллион автомобиль шығаратынын және осы жоба алдағы 15 жыл ішінде Түркия экономикасына 50 миллиард доллар пайда әкелетінін мәлімдеді.

«Тұрғызылған қазіргі кәсіпорын жылына 100 000 автомобиль шығара алады», — деді бірлескен кәсіпорынның бас директоры Гуркан Каракас.

Дегенмен алдыңғы мақсат — 2023 жылы 17 000-18 000 C-SUV шығару және оны біртіндеп ұлғайта беру, деді ол. Togg-тың бағасы әзірше айқындалған жоқ, ақпанда, алдын ала сауда басталған кезде белгілі болуы мүмкін.

Мемлекет жобаға жеңіл салық, тегін жер, пайызы төмен қарыз және 2023 жылдың соңына дейін жылына 30 000 автомобиль сатып алуға мемлекеттің кепілдігі секілді қолдау шараларын жасап отыр.

Түркияда биыл инфляцияға байланысты автомобиль бағасы шарықтап кеткенін айта кеткен жөн. ODD салалық қауымдастықтың деректері бойынша, Түркияда автомобиль саудасы 2022 жылдың алғашқы тоғыз айында былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 8,2%-ға төмендеген. Оған осы жылы лираның долларға шаққандағы бағамы 28 пайызға құлдырауы себеп болды. Бұл жағымсыз көрсеткіш бойынша лира дамушы нарықтар валюталарының арасында екінші тұр.

Әйтсе де лираның құлдаруы экспортты ұлғайтуға сеп болды. Түркия автомобиль өндірісінің маңызды орталығы әрі Еуропаға ірі экспорттаушы болып табылады. Ford Motor Co., Toyota Motor Corp. және Mercedes-Benz AG секілді әрі көлік өндірушілерінің мұнда зауыттары бар. Қыркүйекте Түркияда автомобиль өндірісі 20,5%-ға ал, автомобиль экспорты былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда доллармен есептегенде 11,3%-ға ұлғайды.

Вадим Григорьев

Вадим Григорьев, журналист
31.10.2022, 12:22