Меню CARMA.KZ

Toyota жылдық өндірістік жоспарын орындай алмайтынын мойындады

Жапонның көлік концерні биылғы қаржы жылында 9,7 млн автомобиль шығармақшы болған.

Toyota жылдық өндірістік жоспарын орындай алмайтынын мойындады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Toyota жылдық өндірістік жоспарын орындай алмайтынын мойындады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Toyota Motor Corp көлік өндірушісі жылдық өндірістік жоспары орындалмайтынын мойындады, деп хабарлайды «Коммерсантъ» басылымы.

Жапон концернінің жоспары бойынша, әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан өндірістік қуаттары 2023 жылдың наурызында аяқталатын биылғы қаржы жылында 9,7 миллион жаңа көлік құрастыруы тиіс еді. Қазан айының басында Toyota авточиптердің жетіспеушілігіне байланысты Жапониядағы өндірісті қазан айында 100 мың көлікке және қарашада 50 мың көлікке қысқартуға мәжбүр болатынын мойындады. Бірақ компания жыл бойына жоспар түзетілмейтінін айтқан болатын.

Енді ол жоспар да өзгертіліп, Toyota Motor Corp. 2023 жылдың наурызына дейін осыған дейін айтқандай 9,7 миллион автокөлікті шығара алмайтынын мойындады. Жаһандық ірі көлік өндірушісі (Toyota өткен жылы 10,49 миллион автокөлік нәтижесімен әлемдегі ең ірі автоөндіруші атанды) нарыққа ақыр соңында қанша көлік ұсынатынын белгісіз. Өйткені, қазан және қараша айларындағы жоспарға енгізілген түзетулер тағы да өзгеріске ұшырауы мүмкін.

Toyota соңғы он айда құрамдас бөліктердің, атап айтқанда микрочиптердің тапшылығынан қатты зардап шекті, жапондық компания бұған дейін де ай сайынғы өндіріс жоспарларын бірнеше рет өзгертті. Көктемнің басында Toyota Жапонияда көлік өндірісін сәуірде 20%-ға, мамырда 10%-ға және маусымда 5%-ға қысқартатынын ескертті. Мамыр айында ол Жапониядағы сегіз зауыттағы өндірістік желілердің жартысын тоқтатуға мәжбүр болды. Тоқтату себебі - коронавирусқа байланысты шектеулер енгізілген Қытайдан құрамдастардың жеткізілмей қалуы.

Toyota Motor Corp басшылығы тамыздан қарашаға дейін жағдай жақсарып, компания айына 900 мың көлік шығара алады деген еді. Бірақ содан кейін қайтадан түзетулер енгізуге тура келді, қыркүйектегі өнім шығару жоспары - 850 мыңға, ал қазан айында 800 мың автомобильге дейін қысқартылды, бұл концерннің бастапқыда шығаруды жоспарлағанынан 200 мың автомобильге аз. Осының бәрі сайып келгенде жылына 9,7 миллион автокөлікке жету мүмкін еместігін мойындауға мәжбүр етті.

Toyota құрамдас бөліктерді жеткізу мәселесіне тап болған жапондық жалғыз өндіруші емес - қазан айының басында Honda Жапониядағы өндіріс орындарында қазанға жоспарланған көлемнің 60%-ын ғана шығаратынын мәлімдеді. Бұған дейін қыркүйекте Honda Судзука мен Сайтамадағы құрастыру көлемін 40% және 30% қысқартқанын хабарлады, дегенмен маусым айында жапондық компания өндіріс көрсеткіштерін әдеттегі деңгейге қайтара алды. Алайда шілдеде жағдай нашарлай бастады. Honda зауыттарындағы автомобиль бөлшектерінің тапшылығы логистикадағы мәселелер мен жартылай өткізгіштердің тапшылығынан туындап отыр.

Сонымен қатар, Boston Consulting Group сарапшылары 2022 жылдың үшінші тоқсанында бүкіл әлемде жаңа автокөліктерге қанағаттандырылмаған сұраныс 2,5 миллион автомобильге дейін төмендегенін атап өтті. Ал бұл көрсеткіш биылдың алғашқы жарты жылының соңына таяу 3,5 миллион болды. Осыны негізге алған олар авточиптерді жеткізу тұрақталып келеді деген қорытындыға келгенімен, әлемдік нарықты тағы бір сынақ күтіп тұрғанын айтады; яғни 6 айдан 12 айға дейін мерзім аралығында сұраныс төмендемек.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
25.10.2022, 16:37