Toyota Sequoia-ның үшінші буынын шығаруға кірісті
Жол талғамайтын көліктің өндірісі Toyota-ның Индиана штатындағы құрастыру алаңынан Техастағы кәсіпорынға көшірілді.
Жапонның Toyota Motor Corporation ірі көлік өндіруші корпорациясы Sequoia жол талғамайтын көлігінің үшінші буынының өндірісін іске қосу үшін 391 млн доллар жұмсады, деп хабарлайды Motor.ru ресурсы.
АҚШ-та жаңа Sequoia-ның өндірісі басталды, сонымен қатар жапон өндірушісі аталмыш модельдің өндірісін Индиана штатындағы құрастыру алаңынан Техастағы кәсіпорынға көшірді. Қаражат шығындарының басым бөлігі де осы өндірісті жаңғыртуға және 2,6 мың жаңа жұмыс орнын құруға жұмсалған болатын. Sequoia-ның өндірісін іске қосу үшін алаңды дайындауға қажетті құрамдастарды жеткізетін 5,3 мың жеткізуші тартылды.
Өндіріс орнын ауыстыруға оңтайландыру себеп болды: енді Sequoia өзімен тұғырлас Tundra пикабымен бірге бір желіде өндірілмек. Осының нәтижесінде аталмыш модельдің қазір АҚШ-тағы бағасы базалық нұсқасы үшін 59,8 мың доллардан (28,5 млн теңге) толықжетекті нұсқасы үшін 79,8 мың долларға (38 млн теңге) дейін барады.
Модель АҚШ-та 3,5 литрлік V6 турбомотор және ондиапазондық автоматқа кіріктірілген электрлі мотордан тұратын i-Force Max баламасыз гибрид қондырғымен ұсынылады. Қосарлы беріліс жүйесі Tundra-нікіндей: 443 ат күші мен айналу сәті 790 Нм. Жаңа Sequoia-ның артықшылығы отын үнемділігінде: артқы жетекті толықөлшемді нұсқасы аралас циклде 100 шақырымға 10,7 литр отын жұмсайды.
2007 жылғы екінші буыны отынды бұдан әлдеқайда көп шығындайтын. Ол 100 шақырымға 15,7 литр жұмсады. Осыған қатысты Toyota Texas-тың басшысы Кевин Воелкель үшінші буын Sequoia әлемді автомобиль саласын көмірқышқылды бейтараптандыруға жақындатуға ықпал ететін үнемді электрлі жол талғамайтын көліктердің жаңа дәуірін бастап жатыр деп мәлімдеді. Жаңа нұсқаның ұзындығы, ені мен биіктігі 5286, 2022 және 1885 мм, дөңгелек базасы — 3099 мм-ді құрайды.
Жаңа Sequoia-ның шанағы төбесінің ортаңғы тіреуіне дейін Tundra-нікіне ұқсас: екі модельдің де есіктері, алдыңғы қанаттары, капоты мен шамдары бірдей, бірақ жаңа жол талғамайтын көліктің бамперін өзгеше дизайнмен жасаған және алдыңғы торы ірі алтықырлы суретпен және хроммен безендірген. Шанақтың артқы тіреулері алға қарай еңкіш, сонысынан динамикалық сұлба туындайды. Пикаптың ішкі басты ерекшелігі үшінші қатардың жиналмалылығында болып отыр.
Сүйрейтін тіркемесінің максималды салмағы алдыңғысынан 22%-ға, 4082 келіге дейін ұлғайтылған. Бұл автомобильге тұрғынүй модулі тиелген трейлерді немесе моторлы қайық бар тұғырды тіркеуге мүмкіндік береді. Жүк салғыштағы жүкке қатысты айтар болсақ, шанақты тегіс ету үшін Load-Leveling Rear Height Control Air Suspension артқы пневматикалық аспа қарастырылған. Жаңа Sequoia-ның базалық жиынтығына медиажүйенің 14-дюймдық сенсорлы экран, алдыңғы отырғыштарды жылыту мен желдету, рульді жылыту және үшінші қатардағы креслоларды жатқызатын электрлі жетек кіреді.
Барлығы бес түрлі жиынтық қарастырылған: SR5, Limited, Platinum, TRD Pro және Capstone. SR5 және Limited үшін жолсыз жерлерге арналып реттелген амортизаторлар мен Bilstein серіппесі қосылған TRD Off-Road пакетіне тапсырыс беру қажет болады. Fox-тың аспалары бар TRD Pro нұсқасы асфальт жолға көбірек ыңғайлы. Опциялар ретінде 14 динамика, панорамалық төбе, проекциялық дисплей және смартфондарға арналған сымсыз қуаттау қарастырылған.
Егор Васильев, корреспондент
01.10.2022, 16:30