Меню CARMA.KZ

Toyota Қазақстанда автомобиль шығара бастауы мүмкін

Жапонның көлік концерні биылғы көктемде Ресейде өндірісін доғарып қойған болатын.

Toyota Қазақстанда автомобиль шығара бастауы мүмкін / Фото: learngerman.dw.com
Toyota Қазақстанда автомобиль шығара бастауы мүмкін / Фото: learngerman.dw.com

Индустрия мен инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, отандық компаниялар жапонның Toyota көлік концернімен Қазақстанда фирмалық автомобильдерін шығара бастауы үшін келіссөздер жүргізіп жатыр.

«Toyota — елімізде сұраныстағы брендтердің бірі. Біздің өндірушілер келіссөздер жүргізіп жатыр, себебі бизнес бизнеспен келіссөз жүргізуі тиіс. Бұл мәселені бизнес-корпорациялар мемлекеттік органдармен талқыламайтын шығар, өйткені қанша ақша құйылады, қандай біліктілік, өткізу нарығына қаншалықты дайын деген секілділердің бәрі техникалық мәселелер болып табылады. Нәтиже шыға ма, жоқ па, білмеймін. Егер Toyota ашылатын болса, онда ол еліміздің ең жақсы табыстарының бірі болмақ», — деп мәлімдеді Қайырбек Өскенбаев ОКҚ өткен баспасөз жиынында.

Естеріңізге сала кетейік, Toyota 2022 жылдың наурыз айында Санкт-Петербургтегі кәсіпорнында автомобиль шығаруды доғарып қойды. Компаниядағылар бұған логистикалық тізбектің бұзылуына байланысты құрамдастарды жеткізудегі іркілістер себеп деп түсіндірді.

Сол кезде Toyota-ның Ресейдегі өкілдері өндіріс уақытша тоқтатылғанын, жергілікті нарықтан кету жөнінде сөз болмағанын мәлімдеген болатын.

Санкт-Петербургтегі зауытта RAV4 және Camry автомобильдері шығарылды.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
05.10.2022, 09:22