Меню CARMA.KZ

Тапсырыс берген Hyundai көліктерін кореялықтарға үш жылдай күтуге тура келеді

Бұрын Hyundai Motor Group концерні жаңа клиенттерінің тапсырыстарын 11 айда орындайтын.

Тапсырыс берген Hyundai көліктерін кореялықтарға үш жылдай күтуге тура келеді / Фото: Depositphotos
Тапсырыс берген Hyundai көліктерін кореялықтарға үш жылдай күтуге тура келеді / Фото: Depositphotos

Оңтүстік Кореядағы Hyundai, Kia және Genesis көліктерінің 26 моделі бойынша жаңа тапсырыстар төлем жасалған соң, екі жарым жылдан кейін ғана жеткізіледі, деп хабарлайды Motor.ru ресурсы.

Ресурс Getcha платформасының деректеріне сілтеме жасайды. Оған сәйкес Оңтүстік Кореядағы Hyundai Motor Group концерні тұтынушылардың тапсырыстарын екі жарым жылға дейін созуы мүмкін. Бұл Hyundai, Kia және Genesis-тің 26 моделіне қатысты айтылып отыр. Мәселен, бір жыл бұрын дәл осы модельдерге төлем жасалғаннан кейін, сатып алушыларға 11 айдан кейін жеткізілетін. Hyundai микроэлектрониканың жетіспеушілігіне байланысты тапсырыс мерзімінен ұзақ жеткізіледі деп түсіндіреді. Бірақ кәрістер компания ішкі нарықты толтырудың орнына, басқа елдерге жеткізгенді жөн көреді деп күмән тудыра бастады.

Сарапшылардың пікірінше, Hyundai Motor Group-тың сыртқы нарыққа бет бұруы, жергілікті валютаның АҚШ долларына айырбас бағамының құнсыздануына байланысты болуы мүмкін. Бағамның құлдырауы 2020 жылдың желтоқсан айынан бері үздіксіз жалғасып келеді. Бұрын бір долларға 1090 вон сатып алуға болатын еді, ал қазір доллар 1410 вонға бағаланады. Осылайша оңтүстіккореялық өндіруші  үшін өнімдерін доллармен есептей отырып, шетелге сатқан тиімді. Бірақ Hyundai-дың кейбір модельдері ішкі нарыққа бұрынғы мерзімде жеткізіліп жатыр.

Атап айтқанда, Kia K3 және K5 нұсқаларын, сондай-ақ гибрид Sorento-ны сегіз ай шамасында жеткізеді. Дегенмен, Hyundai Avante, Sonata, Grandeur және Santa Fe көліктерін сатып алғандар 20 айға дейін күтуге тура келеді. Айта кетсек, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, Hyundai Motor Group әлемдегі үшінші ірі автоөндіруші болып саналады. Қаңтардан маусымға дейін бұл концерннің жаһандық саудасы 3 млн бірлікке дейін жеткен. Неміс өндірушісі Volkswagen 4 млн көлік сатса, әлемдік нарықтың көшбасшысы Toyota 5,1 млн дана саудалаған.

Toyota Land Cruiser 300 жаңартылған нұсқасына байланысты, Hyundai-ға қарағанда, нарықты толтыруда үлкен қиындықтарға тап болды. Осы жылдың қаңтарында қатардағы тұтынушылар үшін жол талғамайтын көліктердің күту мерзімі төрт жылға, ал басқа модельдер бір жыл немесе одан да ұзақ уақытқа созылды. Мәселенің себебі сол баяғы микрочиптердің тапшылығы. Салдарынан, жапондық компанияның миллионға жуық жеткізілмеген тапсырыстары бар. Қазақстан үшін Hyundai Motor Group мәселесі әлдеқайда өзекті. Өйткені елімізде оның өнімдері Toyota көліктеріне қарағанда, сұранысқа ие.

Биыл қаңтар-тамыз айларында Қазақстанның АвтоБизнес қауымдастығының (АҚАБ) деректері бойынша, елімізде Hyundai маркалы 17 мың 789 авто сатылды. Бұл Chevrolet-тен (20 мың 485 бірлік) кейінгі екінші орын. Ал үшінші орынға 8,4 мыңға жуық көрсеткішпен Kia жайғасты. Toyota төртінші орында тұр. Қазақстанда сегіз ай ішінде осы брендтің 6 409 мың жаңа көлігі сатылды. Дәл сол кезеңде елімізде жаңа Lexus көліктерінің саудасы 1 685 мың бірлікті құрады.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
10.10.2022, 14:45