Меню CARMA.KZ

Студенттер ауаны көмірқышқыл газынан тазартатын көлік ойлап тапты

Электрокардың басты ерекшелігі — СО2 сіңіру жүйесі.

Студенттер ауаны көмірқышқыл газынан тазартатын көлік ойлап тапты / Фото: thebuzzevnews.com
Студенттер ауаны көмірқышқыл газынан тазартатын көлік ойлап тапты / Фото: thebuzzevnews.com

Болашақтың автокөліктері қоршаған ортаны улы заттармен ластауды доғарып қана қоймай, ауаны одан әрі тазартуға септігін тигізбек. Дәл осы технологиямен Zem электрлі көлігі жабдықталған. Аталмыш көлікті небәрі бір жылдың ішінде Эйндховен университетінде (Нидерланды) студенттер әзірлеп шығарған.

Zem электрлі көлігінің сыртқы сипаты 2000 жылдардың басындағы BMW Z4 Coupe-ге ұқсайды. Екі орындықты шағын купе, күн батареяларымен және көмірқышқыл газын сіңіру жүйесімен қамтылған.

Тазартқыш көліктің тұтас шанақ панельдері композиттік материалдардан жасалған және 3D үлгіде басып шығарылған. Төбесі мен капотында жүріс қорын арттыруға мүмкіндік беретін күн батереялары бар.

Электрокардың басты ерекшелігі — СО2 сіңіру жүйесі. Көліктің астында ауадан көмірқышқыл газын сіңіріп алатын екі сүзгі орналасқан. Zem 30 000 шақырым жүрілген жолда 2 келіге дейін улы заттарды жинауға қабілетті. Болашақта қондырғының тиімділігін арттырмақшы. Қазір автокөлікті АҚШ-та таныстырып жатыр, одан соң қайта Нидерландыға егжей-тегжейлі әзірлеу үшін жіберіледі.

Әзірлеушілер 100%-ға СО2 бейтарап көліктерді немесе зауыттарды құру қиын мәселе деп түсіндіреді. Яғни қоршаған ортаға бөлінетін улы заттардан толық құтылу мүмкіндік болмағандықтан, әзірше көмірқышқыл газын сіңіру жолын ұсынады.

Улы заттарды сіңіру технологиясы жаңадан келіп жатқан құбылыс емес. Мұндай қондырғылар қазірдің өзінде АҚШ-тың бірқатар өнеркәсіптерінде жұмыс істейді. 2020 жылы олар атмосферадан 44 млн тонна СО2 сіңіріп алды. Осындай жобалардың біріне Илон Маск қаржы құйған.

Жансая Нурбекова

Жансая Нурбекова, корреспондент
27.10.2022, 12:13