Меню CARMA.KZ

Stellantis Қытайда автомобиль шығаруды тоқтатуы мүмкін

Stellantis осыған дейін Қытайда Jeep автомобильдерін өндірістен алған болатын, келесі Peugeot мен Citroen болуы мүмкін.

Stellantis Қытайда автомобиль шығаруды тоқтатуы мүмкін / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Stellantis Қытайда автомобиль шығаруды тоқтатуы мүмкін / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Stellantis Қытайда Peugeot мен Citroen автмобильдерін өндірістен алуы мүмкін. Компанияның бас директоры Карлос Таварестің айтуынша, оған геосаяси ахуалға байланысты батыстың көлік өндірушілерінің қытай нарығындағы үлесі жергілікті компанияларға қарағанда азайып бара жатқандығы себеп, деп жазады Bloomberg.

Карлос Таварестің айтуынша, Stellantis Қытайға Еуропадан немесе АҚШ-тан дайын автомобильдерді жеткізетін болады.

«Егер біз осы стратегияны ілгерлететін болсақ, онда бізге Қытайда зауыттың қажеті жоқ», — деп мәлімдеді Карлос Таварес Париждегі автосалонда журналистермен тілдескен кезінде.

Bloomberg-тың деректері бойынша, батыстың ірі көлік өндірушілері үшін Қытайда бизнесін жүргізу күрделі болып барады, өйткені жергілікті компаниялар электромобильдерді көптеп шығара бастаған.

Осының алдында Opel бренді (Stellantis компаниялар тобына кіреді) Қытайдағы өндірісін кеңейту жоспарынан бас тартып отырғанын хабарлаған болатын. Сондай-ақ Jeep те (Stellantis компаниялар тобына кіреді) өзінің Қытайдағы жалғыз зауытын жапты.

Bloomberg-тегілердің пайымдауынша, батыстың бірқатар көлік өндірушісі Ресейге қарсы салынған санкциялар тізімінің көбейетіндігін назарда ұстап отыр, сондықтан, егер Тайваньға қатысты тағы да жанжал туындайтын болса, Қытай да санкцияға ілігуі мүмкін.

«Соңғы бірнеше жылда Қытайда бизнес әлеміне саясаттың араласуы дендеп бара жатқанын байқап отырмыз. Жақында ғана әлемнің басқа аймақтарында басқа компаниялармен болған жағдай секілді, қарсы санкциялардың құрбаны болғымыз келмейді», — деп мәлімдеді Карлом Таварес Қытайдағы Jeep зауытының жабылуы туралы мәлімдеген кезінде.

Енді Париждегі автосалонда Stellantis басшысы қытайлық брендтер батыстың нарықтарына шығып жатыр, сондықтан Қытайда шетелдік көлік өндірушілері тап болып отырған кедергілерді еуропаның үкіметтері де енгізулері қажет деп атап өтті.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
27.10.2022, 12:48