Skoda Octavia электромобильге айналады
Оған дейін автомобильдің бензинді және дизельді нұсқалары жаңартылады.
Skoda-ның электромобильдер қатарына енді танымал Octavia моделі де қосылғалы отыр. Қазір осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Дегенмен жаңа электромобиль 2030 жылға қарай бірақ шығуы мүмкін, деп жазады Motor.ru.
Электрлі Octavia-да екеуден төртеуге дейін электрлі мотор болады, әрі төртмоторлысы ең қуатты RS спорттық көлік болып шығады. Оған 200 киловаттқа дейінгі станциялардан қуатталатын сыйымдылығы 90 киловатт-сағаттық батареялар орнатылады, бұл Skoda мен Volkswagen-нің кез келген электромобилінен күштірек.
Skoda-ның бас директоры Клаус Зеллмердің айтуынша, электрлі Octavia ең алдымен еуропалық нарыққа арнап шығарылады, себебі мұнда 2035 жылдан бастап ішкі жану қозғалтқыштарымен жүретін көліктерді сатуға тыйым салынбақ. Басқа аймақтар үшін Octavia-ның бензинді және дизель нұсқалары қалдырылуы мүмкін. Оның үстіне 2024 жылы Skoda Octavia-ның қазіргі буыны жаңартылған нұсқамен саудаға шыққалы отыр, ал 2030 жылы автомобильдің мүлдем жаңа буыны пайда болады.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
08.10.2022, 13:44