СемАЗ Қарағанды облысының дәрігерлеріне 35 жаңа арнайы көлік құрастырды
Аймақтың жедел жәрдем көлік паркі соңғы рет 2017 жылы жаңартылған.
«Вираж» КТ-ның еншілес кәсіпорны болып табылатын СемАЗ Қарағанды облысына жеткізу үшін 35 жедел жәрдем көлігін құрастырды, деп хабарлайды компаниялар тобының ресми сайты.
Көліктің бесеуі — реанимобильдер, олар науқастарға жедел медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті қондырғылармен жабдықталған. Хабарламада айтылғандай, Қарағанды облысының жедел жәрдем станциясының көлік паркі соңғы рет 2017 жылы жаңартылыпты, ол кезде 35 көлік сатып алынған болса, соның 27-сі реанимобиль болған.
Бұл өңірде жедел жәрдем станциясының бригадасы күніне орташа есептегенде 600-дей шақырту алады. Вирус өршіген маусымда шақыртулардың саны күн сайын 1 мыңға дейін жетіп жатады. Нәтижесінде бір көлік тәулігіне 200 шақырымға дейін жүреді, ал жедел жәрдем көлігінің жұмыс ресурсы 6 жылды құрайды. Қазақстанда жедел жәрдемнің арнайы көліктерін «Вираж» компаниялар тобына кіретін «СемАЗ» зауытының базасында «Газавто Қазақстан» ЖШС құрастырады.
Аталмыш кәсіпорын «В» санаттағы ГАЗель Next базасында жедел медициналық көмек автомобильдерін, соның ішінде неонатальдық реанимация мен кардиореанимацияға арналған арнайы көлік шығарумен айналысады. Кәсіпорын мамандары мұндай мақсаттағы автомобильдерді кез келген қажетті медициналық қондырғылармен жиынтықтайтыны секілді, жиһазы мен жиынтығын да тапсырыс берушінің талаптары бойынша жасап бере алады. Кәсіпорын тұтынушыларға стандарт модификациялармен қатар салоны пластикпен безендірілген заманауи эргономикалық түрін де ұсынып отыр.
«Қазақстанның барлық өңірінде санитарлық көлік паркі жаңартуды қажет етеді. Еліміздің медицина қызметтері індет кезіндегідей, қазірде де адам өмірі үшін күн сайын күресіп жатыр. Біз бизнес пен мемлекеттік құрылымдардың мүдделі өкілдеріне көлік паркін жаңартуда сарапшылық кеңестер беруге дайынбыз», — деп келтіреді «Вираж» КТ-ның ресми сайты «Газавто Қазақстан» ЖШС директоры Дмитрий Лохмачевтың сөзін.
Егор Васильев, корреспондент
12.10.2022, 10:36