Ресейде қандай шетелдік бренд көп көлік сатты
Бірнеше жылдан бері сауда көрсеткіші бойынша алдыңғы орында тұрған KIA-ны биылғы қыркүйекте басқа бір компания басып озды.
2022 жылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша, Ресейде ең көп сатылғаны Chery брендінің көліктері болды. Бір ай ішінде оның 3 850 данасы сатылған. Бұл былтырғы қыркүйектегіден 9,6%-ға аз. Дегенмен осы көрсеткіштің өзі бірнеше жыл бойына Ресейде сауда бойынша алдыңғы орында тұрған KIA-ны басып озуға жеткілікті еді.
Ресей нарығында қыркүйекте Chery-дің ең өтімді болғаны — 2224 данасы сатылған (+33,7%) Tiggo 7 PRO моделі. Екінші орында — Chery Tiggo 4 шағын кроссовері. Оны сатып алушылардың 882-сі (-50,5%) таңдаған. Үшінші орында 427 данасы сатылған жетіорындық Chery Tiggo 8 PRO кроссовері тұр.
«Автостат» талдау агенттігінің деректері бойынша 2022 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында Ресейде 22 220 қытай автомобилі сатылған. Бұл 2021 жылдың дәл осындай кезеңіндегіден 21,2%-ға аз.

Ербол Мухамбаев, корреспондент
10.10.2022, 10:23