Меню CARMA.KZ

Қазақстандықтарға көлікті сақтандырған жағдайдағы құқықтары түсіндірілді

Сақтандыру компанияларына төлемді алушыны анықтау мүмкіндігі беріледі.

Қазақстандықтарға көлікті сақтандырған жағдайдағы құқықтары түсіндірілді / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Қазақстандықтарға көлікті сақтандырған жағдайдағы құқықтары түсіндірілді / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жол-көлік оқиғасы болған жағдайда сақтандыру компаниясы зардап шеккендерге келесідей көлемде залалдың орнын толтырады:

  • бір жәбірленушінің мүлкіне келтірілген залал үшін — 600 АЕК (1 837 800 теңге) мөлшерінде;
  • мүгедектік белгіленбестен дене жарақатын алған немесе денсаулыққа өзге де зақым келген жағдайда — 300 АЕК (918 900 теңге) мөлшерінде;
  • қайтыс болған әрбір жәбірленушіге — 2 000 АЕК (6 126 000 теңге) мөлшерінде біржолғы төлем.

Жәбірленуші қайтыс болған жағдайда төлем оның асырауындағы жақын туысқанына төленеді.

«Дегенмен ЖКО салдарынан адам қайтыс болған жағдайда оның асырауындағылар (оның балалары) сақтандыру көлемін алуға құқылы екенін азаматтардың барлығы бірдей біле бермейді», — деді ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сақтандыру нарығы және актуарлық есептесулер департаментінің директоры Әсел Әмірбаева.

Оның айтуынша, осыған байланысты туыстары сақтандыру компанияларына сирек жүгінеді. Сондықтан кейбір алаяқтар оларға ақша алу үшін делдалдық қызметтерді ұсынады. Бұл «қызметтердің» құны сақтандыру төлемінің 50%-ына дейін барып жатады.

Енді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Көлік иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру және сақтандыру туралы» заңға өзгерістер енгізді. Бұдан былай адам өлімімен аяқталған жазатайым оқиға орын алған жағдайда сақтандыру компаниясы төлемді алушыларды анықтау шараларын қабылдауға міндетті. Ол үшін сақтандыру компанияларына тиісті мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты деректер алмасу механизмі арқылы алу мүмкіндігін беру жоспарланып жатыр.

Осылайша, қайтыс болған адамның асырауындағы адамдарды табу және анықтау тәртібі сақтандыру компаниясына жүктелетін болады. Төлемдерді сақтандыру ұйымдары тікелей қайтыс болған адамның туыстарына төлейтін болады.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
04.10.2022, 09:32