Меню CARMA.KZ

Қазақстандық ALGA пикаптарын еліміздің шекара қызметі сынап көрді

Қазіргі уақытта күштік құрылымдар отандық пикаптарды сатып алу мәселесін қарастырып жатыр.

Қазақстандық ALGA пикаптарын еліміздің шекара қызметі сынап көрді / Фото: saktagan.com
Қазақстандық ALGA пикаптарын еліміздің шекара қызметі сынап көрді / Фото: saktagan.com

ALGA P4G2.7 қазақстандық пикаптарын көктемде еліміздің батысындағы шекарашылар сынақтан өткізді, деп хабарлады ALGA AUTO LTD сауда үйінің директоры Әлішер Әбдімомын CARMA.KZ редакциясына берген сұхбатында.

«Әскерилер бұған дейін де өтініш білдірген. Биылғы көктемде еліміздің бастысындағы шекара аймағына екі көлікті сынақтан өткізуге бергенбіз. Көлік жақсы болғандықтан, олар бізбен Mitsubishi 2.0 турбо қозғалтқышы бар төрт есікті нұсқадағы 50 көлікті жеткізуге келісімшарт жасағысы келеді. Оның қуаты жолсыз жерлерге жеткілікті», — деді Әбдімомын ALGA P4G2.7 пикап моделі ұсынылған, KazAgro/KazFarm 2022 көрмесінің аясында.

Сауда үйі өкілінің айтуынша, пикаптарды жинауды «ӨКК Сақтаған» ЖШС бір жыл бұрын Алматыда жолға қойған. Құрамдастар Қытайдан жеткізіледі. Қазақстандық пикап жеңіл жол талғамайтын көліктер, пикаптар, минивэндер, жеңіл жүк көліктері мен арнайы автомобильдер өндірісіне маманданған және Қытай армиясын қамтамасыз етіп отырған Бейжіңдегі BAW (Beijing Automobile Works) зауыты өнімінің прототипі болып табылады.

«Бұл көліктер Қытайда әскери мақсатта пайдаланылады және қытай әскері осы көліктермен жүреді. Бізде негізінен жеке тұлғалар сатып алады, Батыс Қазақстаннан, Астанадан, Қарағандыдан болды. Бір жылда 25-тей пикап сатылды. Бүгін осы пикапты ауыл шаруашылығы көрмесінде таныстырдық, өйткені машина ауыл шаруашылығына да жарамды, сонымен қатар біз қазір «ҚазМұнайГаз» еншілес компаниясы, газ және мұнай құбырларын қорғаумен айналысатын KMG-Security тарапынан тапсырыс алу мүмкіндігін талқылап жатырмыз. Олар үшін де бұл жақсы көлік болып есептеледі. Қазір көлікті көп көлемде сатып алу туралы келіссөздер жүріп жатыр», — деп қосты Әбдімомын.

Оның айтуынша, ALGA P4G2.7 негізгі моделі артында шағын шанағы бар ұзынша етіп жасалған. Сондай-ақ ұзын шанақты екі есікті нұсқасы да бар.

Бұл модельдің Toyota-ның қытайлық бөлімшесінен жеткізілетін қозғалтқышының стандартты көлемі бензин нұсқасында — 2.7 литр, Isuzu дизельді нұсқасында 2.8 литрлік турбо қозғалтқыш орнатылады. Сонымен қатар, жапон компаниясының Қытайдағы кәсіпорнында шығарылған Mitsubishi 2.0 қозғалтқышымен жасалатын нұсқа да бар.

«Mitsubishi 2.0 турбоқозғалтқышты нұсқаны мемлекеттік тапсырыс аясында сатып ала алатын мекемелер үшін әзірлегенбіз, себебі ол жерде көлемі үлкен көліктер сатып алуға болмайды. Сол себептен де солар үшін жапон өндірушісінің осы бензинді қозғалтқышын қоямыз. Ал негізінен адамдар 2,7 бензинді қозғалтқыштарын алады, өйткені ондағы қозғалтқыш пен корап, белдік те Toyota-ның түпнұсқа бөлшектері болып келеді. Құрамдастар бізге Қытайдан келеді, олар Жапониядан қорап пен бөліп таратқышын сатып алады. Ал Toyota-ның қозғалтқышы осы өндірушінің Қытайда орналасқан зауытынан жеткізіледі. Сол секілді Mitsubishi-дің де ҚХР-да қозғалтқыш шығаратын өндірісі бар», — деп түсіндірді компания өкілі.

Оның пікірінше, елімізде құрастырылған толықжетекті пикаптардың артықшылығы – бағасында. Ол бәсекелестерінікінен арзандау, «Сақтаған» ӨКК-нің ресми сайтына сүйенсек, ALGA P4G2.7 пикабының құны 11,2 млн-нан (қысқасы) 11,4 млн теңгеге (ұзыны) дейін барады. «Сақтаған» ӨКК» ЖШС Қазақстан нарығында 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол бастапқыда тіркемелер шығарды. 2017 жылдан бері Алматыдағы кәсіпорнында 25 және 40 тонналық жүктерді таситын қытайлық Sitrak, Howo және Shacman көліктерінің баламаларын құрастыруды игеріп, ALGA брендімен тягачтар мен жүкті өздігімен түсіретін көліктерді құрастыруды жолға қойды.

Әбдімомынның айтуынша, Алматыдағы өндірістің 25%-дан 30%-ға дейіні жерсіндірілген. Бүгінгі күнде «Сақтаған» «ҚазШыны» ЖШС-мен жұмыс істеп жатыр. Компания алдағы уақытта Сарань қаласында (Қарағанды облысы) орналасқан, жеңіл және жеңіл көліктеріне арналған дөңгелектер шығаратын KamaTyresKZ өнімін пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Егер Қазақстанда құрамдастар шығарылатын болса, әрине солардан орнататын боламыз. Бірақ қазір жеткізушілерді таппай отырмыз, әзірге тек әйнек қана бар: біздің жүк көліктерімізге отандық әйнек орнытылады. Қазақстандікін барынша алуға тырысамыз, алайда әзірге шығарылатын нәрсе аз. Қазір зауыттың құрастыру өндірісінде 60 адам еңбек етеді, үлкен тапсырыстар алған жағдайда 100 адамға дейін жұмыс істейтін болады. Атырауда, Ақтауда дилерлеріміз бар, жақында Астанада орталығымыз ашылады, біртіндеп сервис орталықтарын да ашып жатырмыз. Бірақ қазіргі таңда көліктерімізді өзіміз сатамыз. Қазір электрокарлар әкеліп жатырмыз, Алматыда қытайдың электрлі көліктері жақсы саудаланып жатыр. Дегенмен Қазақстанда электрокар құрастыруды жолға қою қиындау болады. Бізде технология жетіспейді. Сондықтан дайынын жеткіземіз», — деп түсіндірді ALGA AUTO LTD сауда үйінің директоры.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
13.10.2022, 14:48