Қазақстанда жыл басынан бері 10 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы орын алды
Әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы жылдамдықты асырудың салдарынан орын алса, қаза болғандардың әрбір төртіншісі — жаяу жүргінші.
«Жаяу жүргіншіге жүктелетін жауапкершілік зор. Жолдағы қауіпсіздік жаяу жүргіншіге де, жүргізушіге де байланысты. Екі тарапқа да қауіп бірдей. Өйткені жол-көлік оқиғаларының көбісінде рұқсат етілмеген жерден немесе бағдаршамның қызыл жарығына өтетін жаяу жүргіншілер кінәлі», — деп мәлімдеді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев.
Ол жаяу жүргіншілердің кінәсінен 357 ЖКО орын алып, оларда 77 адам қайтыс болса, 293 адам жарақат алғанын келтірді.
ІІМ деректері бойынша, 2022 жылдың басынан бері Қазақстанда 10,2 ЖКО орын алып, оларда 1,7 мың адам қаза болып, 13 мың адам жарақат алған. Полициядағылар 2022 жылы жалпы апаттың саны 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 9%-ға көп екенін айтады.
Сондай-ақ Жандос Мұратәлиев жасөспірімдердің қатысы бар апаттардың жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Егер 2021 жылдың қаңтар-қыркүйегінде олардың саны 2 134 болса, биылғы тоғыз айда 2 378-ді құраған. Яғни, 11%-ға өсіп отыр.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
18.10.2022, 17:40