Қазақстанда жолдарды жөндеуге 2023 жылы 64 млрд теңге бөледі
Бұл қаражат 1,5 мың шақырым республикалық жолды жөндеуге жұмсалады.
2023 жылы республикалық маңыздағы 1,5 мың шақырым жолға орташа жөндеу жүргізуге 64 млрд теңге бөлу көзделген. Сондай-ақ осы қаражат көлемі ішінде бағдаршамдар, арнайы жол белгілері мен жануарлар үшін қоршаулар орнату да қарастырылған.
«2022 жылы 17 мың автомобиль жолының сапасына сараптама жүргізіліп, сынамалар алынды. Талдау жұмыстары барысында анықталған кемшіліктерді жою жөнінде автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына ұсыныстар берілді. Жүргізілген сараптамалардың қорытындылары негізінде автомобиль жолдарын жөндеу жөнінде арнайы жоспар құрылатын болады», — деп мәлімдеді ИИДМ-да өткен кеңесте Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы бас директорының орынбасары Арман Қайырбеков.
Бұған дейін сенатор Серік Шайдаров жергілікті жолдардың сапа мәселесін көтерген болатын. Оларды біркелкі дамытып, күтіп ұстау үшін жалпыға ортақ қолданыстағы барлық жолдарды басқаратын бірыңғай әкімшіні құрып, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-ға құзіреттілікті қосу қажет деп мәлімдеді.
Оның пікірінше, жергілікті маңыздағы жолдар мен ауылдың көшелері жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігінде, оларға жолдарды дамытып, күтіп ұстау үшін ылғи да қаржы жетіспей жатады. Жол жұмыстарының сапасын бақылау жергілікті деңгейде нашар ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, оның айтуынша, негізгі жол-құрылыс және жанар-жағармай материалдарының бағасы күрт қымбаттап кетуіне байланысты қазіргі таңда жасалған шарттардағы талаптарда қарастырылған бағаларға түзетулер енгізілуін күтіп отырғандықтан, көптеген нысандарда жұмыс тоқтап тұр.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
11.10.2022, 11:51