Меню CARMA.KZ

Қазақстанда жол жөндеуге 2022 жылға 603 млрд теңге бөлінген

2022 жылы 11 мың шақырымнан артық көлік жолдарына құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазақстанда жол жөндеуге 2022 жылға 603 млрд теңге бөлінген / Фото: ҚР ИИДМ
Қазақстанда жол жөндеуге 2022 жылға 603 млрд теңге бөлінген / Фото: ҚР ИИДМ

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы елімізде 11 мың шақырымнан астам автожолдарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның 7 мың шақырымы — республикалық, 4,6 мыңы жергілікті жолдар болып табылады. Бұл жұмыстарға 603 млрд теңге бөлінген.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз алдымен бұрын басталған жобаларды аяқтауымыз керек. Автожол саласында 2024 жылға дейін іске асыруды көздейтін жалпы ұзындығы 4 мың шақырымдық 17 жоба бар. Жыл соңына дейін 1 мың шақырым жолда қозғалыс ашылады деп жоспарланған. Қалған 3 мың шақырымында жұмыстар 2023 жылы аяқталады», — деп мәлімдеді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Мәжілістегі үкімет сағаты барысында.

Ол бүгінгі таңда Қазақстанда республикалық жолдардың 90%-ы, жергілікті жолдардың 80%-ы нормаға сай келетінін атап өтті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдында республикалық жолдардың нормаға сай келетін үлесін 2025 жылы 100%-ға, жергілікті жолдар бойынша 95%-ға жеткізу міндеті тұр.

Министр елімізде жол салу және жөндеу жұмыстарының барысы туралы айтып берді. «Орталық — Оңтүстік» бағытында 2024 жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы 1 208 шақырым болатын «Қарағанды — Балқаш — Бұрылбайтал — Құрты — Қапшағай» және «Мерке — Бұрылбайтал» жобаларын аяқтау жоспарланып отыр.

Еліміздің шығыс өңірінде жалпы ұзындығы 1 363 шақырым болатын 3 ірі автожол жобасы іске асырылып жатыр. Олар: «Талдықорған — Өскемен», «Қалбатау — Майқапшағай» және «Үшарал — Достық». Келесі жылы аталған барлық учаскелер бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады деп сендіреді Қайырбек Өскенбаев.

Батыс өңірде жалпы ұзындығы 736 шақырым болатын «Ақтөбе — Атырау — Астрахань» аралығы жаңартылып жатыр. ИИДМ бұл жобаны 2023 жылы аяқтамақшы.

Қазақстанда 2022 жылы ұзындығы 72 шақырымды құрайтын «Подстепное — Федоровка» көлік жолының 2 учаскесі қолға алынды, сондай-ақ жалпы ұзындығы 218 шақырым болатын «Қызылорда — Жезқазған» жолының құрылысы басталды.

«Қызылорда — Жезқазған» тас жолының құрылыс жұмыстары Қызылорда облысының аумағында ЕҚДБ қаражаты есебінен басталды. Ұлытау облысы бойынша қалған учаскелерде мердігерлік ұйымды анықтауға байқау жарияланып жатыр, сондай-ақ кейбір учаскелерде ЖСҚ әзірлеу аяқталып қалды», — деді Қайырбек Өскенбаев.

Батыс Қазақстан облысында «Қазталовка — Жәнібек — Ресей шекарасы» (145 километр) және «Өнеге — Бейсен — Сайқын» (103 километр) жолдарында күрделі жөндеу жұмыстарының қарқыны артты. ИИДМ деректеріне сүйенсек, өткен жылы 55 шақырым жол ашылды. 2022 жылы тағы 80 шақырым жол қозғалысын ашып, қалғанын 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Қайырбек Өскенбаев қазір жобалау сатысында тағы 3 автожол жобасы бар екенін қосты. Олар: «Атырау — Орал», «Жезқазған — Қарағанды» және «Ақтөбе — Ұлғайсын». Жобаларды әзірлеу 2024 жылы аяқталады, содан кейін ғана құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
17.10.2022, 13:34