Меню CARMA.KZ

Қазақстанда ТМД елдерінен ұрланған 200-дей автомобиль анықталды

Ұрлықы көліктердің көпшілігі Қазақстанға Ресейден әкелінеді.

Қазақстанда ТМД елдерінен ұрланған 200-дей автомобиль анықталды / Фото ашық дереккөзден алынды
Қазақстанда ТМД елдерінен ұрланған 200-дей автомобиль анықталды / Фото ашық дереккөзден алынды

Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша, соңғы 5 жылда Қазақстанда полиция ТМД елдерінен ұрланған 200-дей автомобильді тапты. Сондай-ақ сол мемлекеттерде Қазақстаннан ұрланған 50-ден артық көлік анықталды.

Қара нарықтағы автомобильдердің басым көпшілігі елімізге Ресейден әкелінеді. Заңсыз көлік әкелумен күресу үшін қазақстандық полиция 2017 жылдың желтоқсанында бекітілген «Автомобиль құралдары ұрлығымен күрес және оларды қайтаруды қамтамасыз етуде Тәуелсіз Елдер Достастығына мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісім» негізінде өзге елдердегі әріптестерімен жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады ІІМ.

«Соңғы жылдары ұрланған көлік құралын сатудың бір әдісі болып табылатын «егіз» автокөліктер мәселесі өзекті бола түсті. «Егіз» автокөліктерді анықтаған кезде кешенді тексеру шаралары жүргізіліп, қажетті сараптама тағайындалады», — деп мәлімдеді ҚР ІІМ КПД Аса маңызды істер жөніндегі уәкілетті өкіл Құдияр Нұрсейітов министрлікте өткен брифингте.

Ол қазақстандықтарға шетелдік нөмірлі машиналарды сатып алудың қауіпті екенін ескертті. Көлік иелері іздеуде жүрген көлікті сатып алып, соңында сан соғып қалулары мүмкін.

«Мұндай жағдайда сатып алған автокөлікті сол мемлекеттен бірден есептен шығарып, Қазақстанға барлық кедендік нормаларды сақтай отырып әкеліп, осында есепке қойып, алаңсыз жүрген жақсы», — деп кеңес береді Құдияр Нұрсейітов.

ІІМ өкілі Қазақстанда жыл басынан бері 909 автомобиль қолды болғанын, оның 775-сі табылып, заңды иелеріне қайтарылғанын айтты. Көбіне-көп Toyota және Lexus көліктері ұрланатынын тілге тиек етті.

Бұл деректер ІІМ-нің CARMA.KZ редакциясына бұған дейін берген деректерінен біршама алшақтау болып отыр. Ол кезде министрліктегілер Қазақстанда жыл басынан бері 931 автомобильді айдап кетіп, 229-ы ұрланғанын,  полиция тек 192 ұрланған көлікті таба алғанын айтқан болатын.

ІІМ деректері бойынша, 2022 жылдың басынан бері Қазақстанда көбіне Toyota автомобильдері ұрланады. Сондай-ақ Mazda, Mercedes, Volkswagen және Lexus-тар да жиі қолды болады екен.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
10.10.2022, 15:12