Президент адам өліміне әкеп соғатын көлік апаттарын болдырмау қажеттігін айтты
Президент Жетісу облысының жұртшылығымен кездесуде жол-көлік оқиғаларынан көз жұматындардың саны артып бара жатқанына тоқталды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адам өлімімен аяқталған әрбір жол-көлік оқиғасын төтенше жағдай ретінде қарастыру қажет деп мәлімдеді. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
«Облыста 9 ай ішінде республикалық маңызы бар жолдардағы апат салдарынан 61 адам қаза болды. Бұл қорқынышты көрсеткіш. Елімізде жол-көлік оқиғалары, соның ішінде қаза болғандар саны артып барады. Мұны тоқтату керек. Адам өліміне әкелген әрбір жол-көлік оқиғасын төтенше жағдай деп қарау керек. Адам өмірі — біздің басты байлығымыз», — деді президент.
Жақында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев, елімізде 2022 жылдың басынан бері 10,2 мың жол апаты орын алғанын, салдарынан 1,7 мың адам қаза болып, 13 мың адам жарақат алғанын хабарлады. Полиция 2022 жылы апаттардың жалпы саны, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 9%-ға көп екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Тоқаев Жетісу облысында «Талдықорған — Қалбатау — Өскемен» және «Үшарал — Достық» тас жолдарының құрылысы жүргізіліп жатқанын еске алды. Құзіретті органдарда жұмыс барысын қатаң бақылауға және келесі жылы осы тас жолдарды пайдалануға беру тапсырылды.
«Кербұлақ және Панфилов аудандары арқылы өтетін республикалық тас жолды жөндеу кезек күттірмейтін міндет болып қала береді. Бұл өте маңызды сала. Сондықтан үкімет пен әкімдікке алдағы екі жылда кешенді қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау тапсырылды. Бізге қаржы мәселесін шұғыл шешу керек. Жол сапалы және уақтылы салынуы тиіс. Бұл жергілікті халықтың өмір сүру сапасына және жол қауіпсіздігіне әсер етеді», — деді президент.
Аптаның басында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Мәжілістегі үкімет сағатында, еліміздің шығысында жалпы ұзындығы 1 363 шақырым («Талдықорған — Өскемен», «Қалбатау — Майқапшағай» және «Үшарал — Достық») іске асырылып жатқан үш ірі көлік жобасы бойынша барлық жұмыстар келесі жылы аяқталатынын мәлімдеді.
Егор Васильев, корреспондент
20.10.2022, 16:08