Меню CARMA.KZ

Неміс студенттері құрастырған электрокар рекорд орнатты

Көміртекті талшықты болид жылдамдығын 1,416 секундта 100 км/сағатқа екпіндетті. Мұның алдындағы 1,513 секундты құраған рекорд алты жыл бұзылмай келген еді.

Жылдамдығын 100 км/сағ-қа дейін үдей алатын электрлі көлік рекорд орнатты. Штутгарт университетіндегі GreenTeam тобының 20 студенті жасап шығарған болид 1,416 секундта тұрған орнынан жүз шақырымға екпіндеді, деп хабарлайды Motor.ru ресурсы. 

Әлемдегі ең жылдам электромобильді GreenTeam командасы өз бетінше құрастырып, Реннингендегі Bosch зерттеу орталығында сынап көрді. Қыркүйек айында басталған сынақтар ұзаққа созылды. Дей тұрғанмен, жарыс көлігі діттеген нәтижені көрсетіп (1,416 секунд), Гинесстің рекордтар кітабына енді. Электромобильдің жылдамдығын жүзге (1,513 секундқа) дейін үдеткен алдыңғы рекордты 2016 жылдың жазында Швейцарияның Цюрих жоғары техникалық мектебі мен қолданбалы ғылымдар университетінің студенттер құрамасы Grimsel болидымен орнатты.

Ол кезде Grimsel-ды құрастыру үшін 30 адам тынымсыз еңбектенген. Сипаттамасына келсек, ол көміртекті пластиктен жасалған, салмағы 168 кг, 200 а.к. тең қозғалтқышпен жабдықталған. Ал қазіргі рекорд орнатқан тұлпардың корпусы көміртекті талшықтан жасалған, салмағы 145 кг, 241 ат күші бар.

Салыстырар болсақ, «Формулы-1»-дің өте жеңіл әрі аса күшті болидтері жылдамдығын орташа алғанда 2 g дейін екпіндете алады. Сондықтан бұрынғы рекорд артта қалғаны айқын көрініп тұр. Айта кетейік, 2016 жылы швейцариялық болидтің жетістігіне дейін электрлі көліктер арасында жүзге дейін екпіндету бойынша әлемдік рекорд сол неміс GreenTeam командасына тиесілі болған. 2015 жылдың жазында 136 ат күші бар 160 кг толық жетекті электрлі көлік 1,779 секундта тұрған орнынан жүзге дейін үдеді.

«Біз әлемдік рекордты орнатып, оны қайтадан Германияның қанжығасына байлағанымызға қуаныштымыз», — деді GreenTeam төрағасы Павел Поволный өз командасының жетістігі туралы.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
12.10.2022, 09:58