Көлікті ұрлатып алмаудың қандай амалдары бар
Полицейлер қазақстандықтарға бірнеше кеңес айтты.
ҚР ІІМ КПД аса маңызды істер жөніндегі уәкілетті өкіл Құдияр Нұрсейітовтың айтуынша, қаскөйлер автомобильді айдап кетпес үшін қазақстандықтардың бірнеше қауіпсіздік ережесін сақтағандары жөн. Атап айтқанда:
- автомобиль есігін ашық қалдырмаңыз;
- кілті тұтандыру тетігінде қалдырмаңыз;
- автомобильді түнде гаражға немесе күзетілетін тұраққа қойыңыз;
- автомобильге электронды және механикалық қорғаныс құралын және GPS қондырғысын орнатыңыз.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары құжаттар мен бағалы заттарды автомобиль салонында тастап кетпеуге кеңес берді.
Құдияр Нұрсейітов шетелдік нөмірлі көліктерді сатып алудың қауіпті екенін де атап кетті. Арнайы сервистер арқылы мұндай көліктердің тарихын тексеру керектігін айтты.
«Көлік иелеріне ескерткім келеді. Өзге елде тіркеуде тұрған автокөлікті сатып алып, еліміздің аумағында пайдалғанда түрлі қылмыстық тәсілдің құрбаны болып, соңында қымбат мүліктен айырылып қалуыңыз мүмкін. Мұндай жағдайда сатып алған автокөлікті сол мемлекеттен бірден есептен шығарып, Қазақстанға барлық кедендік нормаларды сақтай отырып әкеліп, осында есепке қойып, алаңсыз жүрген жақсы», — деп түсіндірді полиция өкілі ІІМ-де өткен баспасөз жиынында.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы 5 жылда Қазақстанда полиция ТМД елдерінен ұрланған 200-дей автомобильді тапты. Сондай-ақ сол мемлекеттерде Қазақстаннан ұрланған 50-ден артық көлік анықталды.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
10.10.2022, 15:43