Меню CARMA.KZ

Калифорнияда көліктің дәстүрлі және е-нөмірлері құқықтық тұрғыдан теңестірілді

Штаттарда автомобильдердің электронды тіркеу номерлері сынақ режимінде 2018 жылы қаңтарда қолданыла бастаған болатын.

Калифорнияда көліктің дәстүрлі және е-нөмірлері құқықтық тұрғыдан теңестірілді / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Калифорнияда көліктің дәстүрлі және е-нөмірлері құқықтық тұрғыдан теңестірілді / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Калифорнияда автомобильдер сандық нөмірге ресми түрде көшті. Енді олар дәстүрлі темір нөмірлермен қатар жүретін болады, деп хабарлайды Motor.ru.

Калифорнияда мемлекеттік нөмір ретінде су өткізбейтін электронды қондырғыны пайдалануға рұқсат етілді. Ол әдеттегі нөмір тағылатын жерге бекітіледі. 2017 жылы Детройттағы автосалонда таныстырылған RPlate Pro деген атауға ие сандық панель қаріп пен сандық кодтан бөлек, жеке бастың деректерін де көрсете алады. Қондырғының, сонымен қатар, көлік құралының тіркеу мерзімін ұзарту, жарнама көрсету, тұрақтың төлемі, сақтандыру мен ереже бұзушылықтар туралы ақпарат ұсыну мүмкіндіктері бар.

RPlate Pro-ны веб-интерфейс арқылы реттеуге болады, е-нөмірмен жүргісі келетін жүргізушілер екі нұсқаның бірін таңдай алады: батареядан қуат алатын сандық нөмір және желі арқылы қосылатын түрі. Біріншісінде абоненттік төлем айына 19,95 долларды құрайды, және осы ақшаға өндіруші бес жыл ішінде аккумуляторын тегін ауыстырып отырады. Желіден қуатталатын нөмірдің құны 24,95 доллар. Ерекшелігі сол, оны АҚШ электронды көлік нөмірлері нарығындағы монополист компания болып табылатын Reviver Auto мамандары ғана орнатады.

Сандық нөмірлердің артықшылығы – көлік иесі көлігі тоқтап тұрған кезінде жарнама көрсетіп, табыс таба алады, сол секілді көлікті ұрлап бара жатқаны туралы ақпарат таблоға шығып тұрады. Сонымен қатар нөмірге орнатылған GPS-трекер көліктің тұрған орнын табуға көмектеседі. Бүгінгі күнге дейін қанша адам сандық нөмір таққаны туралы есеп жоқ, бірақ 2018 жылы әзірлеушілер Калифорнияда пилоттық негізде басталған алғашқы айларда 100 мыңдай көлік иесі орнатуға ниет білдіргенін айтады.

Қазіргі уақытта электронды нөмірлерді төрт штатта - Калифорния, Мичиган, Аризона және Техаста сатуға рұқсат етілген және АҚШ-тың тағы он штаты жаңа технологияны қабылдауды бастап кетті. Негізі автокөлік иелері қандай нөмір таққысы келетінін өзі таңдауға құқылы. Автокөліктерде электронды нөмірлерді пайдалану туралы заң жобасы пилоттық жобаның өзінен сегіз жыл бұрын қабылданып қойған болатын. Оны ұсынған  2010 жылы Демократиялық партияның өкілі Каррен Прайс негізгі идея нөмірдегі жарнама арқылы «жақсы жұмыс істейтін компанияларға» қолдау көрсету деді.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
19.10.2022, 14:26