Меню CARMA.KZ

Jeep алғашқы электрлі кроссоверін көрсетті

Италия-америкалық концерн өзінің ең ықшам жол талғамайтын көлігін Польшада құрастырмақшы.

Jeep алғашқы электрлі кроссоверін көрсетті / Фото: topgear.com
Jeep алғашқы электрлі кроссоверін көрсетті / Фото: topgear.com

Fiat Chrysler Automobiles италия-америкалық концернінің құрамына кіретін Jeep компаниясы Париж халықаралық автосалоны аясында Avenger электрлі кроссоверін таныстырды, деп хабарлайды Motor.ru.

Jeep маркасының ең ықшам автомобилінің ұзындығы 4,08 метрге жетеді. Бұл қазіргі соңғы буын саналатын Wrangler-ден 16 сантиметрге қысқа. Jeep Avenger-дің жол саңылауы – 200 миллиметр. Өндіруші компания мұндағы алдыңғы жүк салғыштың көлемі ең үлкені екенін айтады. Ол 34 литрді құрайды. Сонымен бірге негізгі артқы жүк салғышқа 380 литр сыяды.

Avenger аталған марканың тарихындағы алғашқы толықтай электрлі автомобиль болып отыр: электрокар Opel Mokka және Peugeot 2008 секілді модельдерге негіз болған Stellantis концернінің модульдік тұғырында жасалған. Электрлі мотор алдыңғы оське қойылған және ең жоғары қуаты 156 ат күшіне ие. Креслолардың астына сыйымдылығы 54 киловатт-сағат болатын литий-ионды батареялар орнатылған. Жүріс қоры 400 шақырымға жетеді, алайда компаниядағылар қала ішінде батареялардың бір қуаты 550 шақырым жол жүруге жетеді деп отыр.

Жаңа модель тек алдыңғы жетекті болып келеді, бірақ онда қар, батпақ пен құмды жерге арналған Select-Terrain жүйесі қарастырылған. Жолдың қабатына байланысты автомобильдің электроникасындағы бос айналуға қарсы жүйе қосылып отырады. Avenger-дің толықтай электрлі нұсқасынан бөлек, оның гибрид модификациясы да пайда болмақ: компания Парижде артқы өське қойылған қосымша электрлі моторы бар толықжетекті нұсқасын да таныстырды, алайда Avenger 4xe әзірге тек концепт күйінде қалып отыр.  

Кроссовер екінші деңгейлі автономды жүргізу жүйесімен жарақтанған – ол жылдамдықты, траекторияны реттеп, қауіпсіз дистанцияны, сондай-ақ автомобильді жолақ ішінде автомоматты түрде ұстап отыра алады. Сондай-ақ Avenger-де жол белгілерін тану, автоматты түрде шұғыл тежеу, жүргізушінің шаршаңқылығын бақылау және тұраққа қою кезінде көмек секілді функциялар қарастырылған. Ал салон дизайны Jeep Wrangler салонының минималды безендірілуіне ұқсайды, әйтсе де салонда ұсақ заттарды сақтауға арналған өте сыйымды бөлік, смартфонды қуаттауға және 1,5 литрлік бөтелкені орналастыруға болатын қосымша ұяшық бар.

Кроссовер Польшадағы Fiat-тың кәсіпорнында құрастырылмақ және алғашқыда толықтай электрлі нұсқасы шығарылады. Электрлі кроссовер 2023 жылдың наурызында саудада пайда бола бастайды. Компания First Edition сериясына тапсырыс қабылдауды бастап та кетті, десе де жаңа модельдің құнын әзірше құпия ұстауда. Кроссовер ең алдымен еуропа нарығына барады, содан соң Жапония және Оңтүстік Корея нарықтарына сату жоспары бар. Ал америкалық нарықта бұл модель мүлдем болмайды.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
19.10.2022, 10:26