ІІМ: Қазақстанда техникалық байқау көзбояушылыққа айналды
Полиция техрегламентке сәйкес келмейтін 106 мың автокөлікті анықтады.
ІІМ мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірлесіп техникалық байқаудан өткізетін станциялардың көлік құралдарын жалған тексерулері жауапкершілігін қатаңдату туралы ұсыныс жасады. Бұл туралы үкімет отырысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір мұндай бұзушылық үшін айыппұл 30-дан 50 АЕК-ті (91 890-нан 153 150 теңгеге дейін) құрайды.
Марат Ахметжановтың айтуынша, кейбір автокөлік иелері өз көлік құралдарының техникалық жай-күйіне тиісті байқау жасамайды. Ал еліміздің барлық автопаркінің жартысынан көбі (5-тен 2,5 млн-нан астам) 20 жылдан асқан көліктер.
«Соңғы 4 жылда техникалық жағдайына байланысты техбайқаудан сүрінген көліктер саны 2 есеге (2018 жылы — 6,3%, 2021 жылы— 3%) төмендеген. Бұл үлкен күмән тудырады», — деді министр үкімет отырысында.
Техникалық байқау орталықтарын ашуға қойылатын талаптардың жұмсақтығынан, байқаудан өткені туралы жалған талон беру жиілеп кетті. Осы қызметті ашудың тәртібі 2016 жылы лицензиялаудан хабарламаға өзгертілген, ал 2018 жылы осы қызметке хабарлама беру кезінде рұқсатқа дейінгі бақылау жойылды.
Осының салдарынан 2022 жылдың басынан бері полиция 106 мың автокөлік иесіне көліктері техрегламентке сәйкес болмағаны үшін, сондай-ақ, техникалық байқаудан өтпегені үшін тағы 80 мың адамға айыппұл салды.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, жалпы сомасы 600 млн теңгеге техникалық байқаудан өту туралы 350 мың жалған құжат сатқан қылмыстық топты жойды.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
04.10.2022, 18:24