Hyundai және KIA қозғалтқыштарды ауыстыруға 2 миллиард доллар бөледі
Өндірушілер Theta GDI қозғалтқыштарындағы мәселені шешуді жоспарлап отыр.
2017 жылы Hyundai және KIA АҚШ-тан 1,2 млн көлікті қайтарып алған. Себебі қозғалтқыштың ақаулары көліктің өртеніп кетуіне себепші болуы мүмкін еді. Сатып алушылар автомобильді немесе қозғалтқышты ауыстыруды талап еткен соң, 2020 жылы компаниялар сот дауларын шешуге 2,3 миллиард доллар (1 трлн теңге) жұмсады.
Ресми мәлімдемеде айтылғандай, Hyundai және KIA «автомобильдің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және тұтынушылардың сеніміне кіру мақсатында» тағы 2 млрд доллар (940 млрд теңге) бөледі, деп жазады Bloomberg ресурсы.
Hyundai-ға қозғалтқыштарды ауыстыру ойлағандағыдан да көп шығын әкелді. Біріншіден, тұтынушылар Theta қозғалтқышын жылдам ауыстыруды талап етті. Екіншіден, пандемия кезінде жеткізу тізбегі бұзылды. Оған қоса, клиенттер Hyundai және KIA көліктерін сатып алудан бас тартып жатты. Бұл сауда көрсеткішіне айтарлықтай теріс әсерін тигізді.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың тамызында Hyundai 334,8 мың автокөлік сатты. Бұл 2021 жылдың тамызындағымен салыстырғанда 11,6%-ға көп. Бірақ бәрібір ішкі нарықтағы сауда 3,5%-ға төмендеді (2022 жылғы тамызда 49,2 мың), ал сыртқы нарықта 14,7%-ға (285,6 мың) өсті.
«АҚШ, Еуропа, Индонезия және Үндістандағы зауыттар жұмысын қайта бастағаннан кейін, сауда жақсарды», — деді Hyundai өкілі.
Өз кезегінде KIA тамызда сыртқы нарықта 198,5 мың көлік сатты, бұл 2021 жылдың тамызына қарағанда 10,4%-ға көп. Ішкі нарықта сауда қарқыны айтарлықтай болмаса да өсті (+1%, 41,4 мыңға дейін), деп жазады Chosunilbo.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
20.10.2022, 10:18