Haval Ресейге автомобильдерді тікелей Қытайдан жеткізеді
Haval-дың Jolion және Dargo автомобильдерінің ресейлік өндіріс көлемі бүгінгі таңда артып отырған сұранысты өтей алмауда.
«Хавейл Мотор Рус» компаниясының деректері бойынша, Ресейде Haval автомобильдерінің саудасы 2022 жылдың тамыз айында 51%-ға өсті. Ал бұл көрсеткіш былтырғы тамызда 26% болған еді. Әсіресе Jolion және Dargo модельдеріне сұраныс артқан. Осы сұранысты өтеу үшін жергілікті дилер аталған автомобильдерді тікелей Қытайдан жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы «Хавейл Мотор Рус»-тың атқарушы директоры Андрей Акифьев «Коммерсантъ» басылымына берген сұхбатында мәлім етті.
«Жоспарлау циклы басталатын жарты жылдықтың алдында белгілі бір жиынтықтардың болатындығын біліп отыру қиын. Кейбір құрамдастарды әкеліп жатырмыз, оның ішінде әуе қатынасымен де, бірақ ол ылғи да мүмкін болмайды. Сондықтан құрамдастар жағынан келгенде жоспардан ауытқу бар, сонда да модельдер бойынша, белгілі бір шанақ немесе қозғалтқыш бойынша олар қашанда саудада бар. Тек Jolion-ға сұраныс күрт өсуіне байланысты қолжетімді жиынтықтағысы тез таусылып қала беріп тұр. Дегенмен компания тапшылықты импорт есебінен де жабуға бар күшін салып жатыр», — деп мәлімдеді Андрей Акифьев.
Оның айтуынша, компания келесі жылдың жоспарларын құрып жатыр. Алайда оны қазіргі геосаяси жағдайда жасау оңай болып жатқан жоқ, өйткені барлығы әп-сәтте өзгеріп сала беруі мүмкін.
Андрей Акифьев Haval автомобильдерінің өндірісі жергілікті көлік нарығы мен сауда көлеміне қарай икемделіп отыратынын атап өтті. Қазір қытайлық көлік брендінің Тула облысында жұмыс істеп тұрған зауыты бар. Онда күніне 140 Haval автомобильдері шығарылады.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
27.10.2022, 11:57