Gelandewagen-де «суицидтік» артқы есіктер пайда болуы мүмкін
Немістің Mansory ательесі Mercedes компаниясына өзгеше тюнингті ұсыныс етті.
Mansory ательесі соңғы буын Mercedes-AMG G 63 жол талғамайтын көліктерге арнап кешенді жетілдірудің жаңа бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды Motor.ru.
Mansory — бұл «Люкс» санатқа жататын автомобильдер, суперкарлар, жол талғамайтын көліктер мен мотоциклдардың модельдерін түрлендірумен айналысатын неміс фирмасы. Оның кезекті жаңа идеясы Mercedes-AMG G 63 (Gelandewagen) жол талғамайтын көлігінің артқы есіктерінің ашылу тәсілін өзгерту болып отыр. Көліктің жүрісіне қарсы ашылатын артқы есіктері жүріп келе жатқанда ашылып кетіп, жолаушылардың өміріне қауіп төндіретіндіктен «суицидтік» деп аталып кеткен болатын. Бірақ одан кейін артқы есіктердің қауіпсіздігі мәселесі шешілгенімен, әлемнің көлік өндірушілері мұндай есіктерге үзілді-кесілді қарсы.
Бүгінгі таңда «суицидтік» есіктерді өз модельдеріне тек Rolls-Royce қана жасайды, алайда енді Mansory ательесі клиенттеріне өздерінің Mercedes-Benz G-Class жол талғамайтын көліктері үшін осындай есіктерді таңдау мүмкіндігін ұсынып отыр: ателье жол талғамайтын көліктің барлық модификациясына есік жүріске қарсы бағытта ашылуы үшін есіктің ілгектерін шанақтың артқы тағанына ауыстыру опциясын ұсынды. Бұл артқы отырғышқа еркін отырып, түсуге ыңғайлы етеді және Mercedes-Benz G-Class-ке өзге модельден ерекшелейтін өзгеше келбет береді деп санайды тюнерлер.
Есікті өзгертудің құны қанша тұратынын компаниялар айтқан жоқ, дегенмен Mansory-ның тюнингінің жалпы бағасы қымбат болмауға тиіс. Қазақстанда 2022 жылғы жаңа Mercedes G-Class-тың құны қазіргі таңда 119 млн теңгеден басталады, ал бензинді G 500 үшін 200 млн теңгеге дейін сұрайды.
Ілгегі артқы жағына қойылған есіктердің пайда болу тарихын ХХ ғасырдың басындағы ауқаттылардың үйінің құрылысымен байланыстырады. Олардың кіреберіс есіктері айқарма етіп жасалды. Үйдегі мұндай есіктер мұнда өте бай адам тұратынын білдіретін. Сол себептен де автомобильдердің артқы есіктерінің ілгектері артқы жағында орналасып, есіктер айқара ашылатын. Алайда қатты жылдамдықпен келе жатқанда мұндай есіктер желден ашылып кетіп, жолаушы көліктен ұшып кетуі мүмкін еді. Жанкештілерге арналған есік деп аталуының да себебі міне осы.
Қазір осындай типті есіктерді Mazda RX-8, Opel Meriva, Lincoln Continental, Honda Element автомобильдерінен, әлбетте Rolls-Royce-тың түрлі модельдерінен кездестіруге болады. Енді олардың қатарын «суицидтік» артқы есігі бар Gelandewagen де толықтырғалы отыр.
Егор Васильев, корреспондент
18.10.2022, 10:17