Geely Aston Martin компаниясының 7,6% үлесін сатып алды
Қытайлық компания қазірдің өзінде Volvo-ны толықтай еншілеп және бірқатар неміс компаниясының үлесіне ие болып отыр.
Қытайдың ең ірі көлік өндірушілердің бірі — Geely Ұлыбританияның премиум санаттағы көліктерді шығаратын Aston Martin компаниясының 7,6% үлесін сатып алды, деп хабарлайды ChinaDaily.
Zhejiang Geely Holding Group компаниясының бас директоры Даниэль Донгуэй Лидің айтуынша, екі кәсіпорынның ынтымақтасуы мен технологиялармен алмасуы Aston Martin-ді табысқа жеткізеді.
«Біз Aston Martin-мен өзара іс-қимыл жасау мен ынтымақтасудың ықтимал әлеуетін саралайтын мүмкіндікті тағатсыздана күтудеміз. Өйткені компания ұзақ мерзімде тұрақты өсу мен кірістілікті арттыру стратегиясын сәтті жүзеге асырып келе жатыр», — деп мәлімдеді Даниэль Донгуэй Ли.
Айта кетейік, Zhejiang Geely Holding Group компаниясы — Қытайдың ең ірі көлік өндірушілерінің бірі. Кәсіпорынның қоржынында шведтің Volvo бренді және еуропалық Daimler, Proton және Lotus компанияларының үлестері бар.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
07.10.2022, 11:09