Меню CARMA.KZ

Geely Aston Martin-дегі үлесін арттыруға ниетті

Қытайлық Zhejiang Geely холдингі қазіргі уақытта британдық компанияның 7,6% акцияларына иелік етеді.

Geely Aston Martin-дегі үлесін арттыруға ниетті / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Geely Aston Martin-дегі үлесін арттыруға ниетті / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Geely-дің негізін қалаушы қытайлық миллиардер Ли Шуфу болашақта Aston Martin-дегі үлесін 7,6%-дан 10%-ға дейін арттырмақшы, деп хабарлайды Motor.ru ресурсы.

Осы жылдың қазан айының басында Zhejiang Geely компаниясы Aston Martin-нің 7,6% үлесін сатып алатыны белгілі болды. Мәміленің құны ол кезде аталмады. Бірақ сарапшылардың Aston Martin акцияларының 29 қыркүйектегі құнына сүйене отырып жасаған бағалауынша, ол шамамен $74 млн құрайды. Сол кезде Zhejiang Geely Holding Group директоры Даниэль Донгуэй Ли, қытайлық концерн британ автоөндірушімен өзара қарым-қатынасын кеңейту үшін ықтимал мүмкіндіктерді қарастырып жатқанын айтқан еді.

Енді осы танысудан кейін Geely иесі Ли Шуфу британдық компаниядағы үлесті тағы үштен біріне көбейтуге бел буды, дегенмен Geely баспасөз қызметі бұл жоспарларды жоққа шығарады. Әйтсе де Aston Martin-нің өзінде қытайлық миллиардердің мұндай ниетіне қарсы болмауы тиіс, өйткені компанияның жағдайы қазір аса мәз емес. 2018 жылдың қазан айында IPO-ға шыққаннан бері британдық автоөндірушінің акциялары 97,5%-ға құнсызданды.

Компания 2020 жылы канадалық миллиардер Лоуренс Строллдың және Сауд Арабиясының мемлекеттік инвестициялық қорының бақылауына өткен. Aston Martin компаниясының негізгі акционерлері Geely-дің ықпалының артуына кедергі келтіруі мүмкін, бірақ сарапшылардың айтуынша, компания құны одан әрі төмендей беретін болса, ерте ме, кеш пе, оларды қытайлық инвестормен ынтымақтастыққа итермелейді. Айтпақшы, мұндай жағдай бұрын да болған: Geely 2020 жылы британдық компаниядағы үлесті сатып алмақшы болғанда, Aston Martin қытай тарапының ұсынысынан бас тартқанын мәлімдеген. Дей тұрғанмен, 2022 жылы оған бәрібір қайтып келді.

Сонымен қатар, британдық компанияның иелері қытайлық инвестордың үлесін ұлғайтуға жылдам келісе салуы мүмкін, өйткені Geely тек Aston Martin-ге ғана қызығып отырған жоқ және Шуфудың инвестициялары басқа активтерге тез «кетіп» қалуы мүмкін. Қытай холдингі Mercedes-Benz акцияларының 10%-ын, корейлік Renault филиалының 34%-ын иеленеді және сондай-ақ Volvo, Lotus, Lynk & Co, Geometry және Zeekr брендтері, Лондондағы электрлі таксилер мен фургондарды өндіруші London Electric Vehicle Company және ұшатын көліктерді жасаушы Terrafugia да Geely-дің бақылауында.

Қытай холдингі үшін Aston Martin-дегі үлесті арттыру, британдықтардың технологиялары мен әзірлемелеріне қол жеткізу тұрғысынан қызықты. Өйткені олар қытайлық концерннің иелігіндегі тағы бір британдық Lotus бренді үшін қолданбақшы.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
25.10.2022, 15:23