Меню CARMA.KZ

Еуропаның көлік нарығы қыркүйекте 8%-ға дейін өсті

Кәрі Құрлықта 2022 жылдың қыркүйегінде бір миллионнан аса жеңіл көлік сатылды.

Еуропаның көлік нарығы қыркүйекте 8%-ға дейін өсті / Фото ашық дереккөзден алынды
Еуропаның көлік нарығы қыркүйекте 8%-ға дейін өсті / Фото ашық дереккөзден алынды

Биылғы қыркүйекте Еуропаның көлік нарығы 8%-ға жуық өсті, десек те 9 айдың қорытындысы бойынша Кәрі Құрлықта саудада жағымсыз динамика сақталып отыр, деп хабарлайды Еуропаның көлік өндірушілері қауымдастығына сілтеме жасаған Автостат.

Еуропада жеңіл көліктердің саудасы қыркүйекте өткен жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 7,9 пайыз артып, 1 миллион 049 мың 926 көлікті құрады. Еуропалық автомобиль өндірушілер қауымдастығының (ACEA) мәліметтері бойынша, қатарынан екінші ай жағымды динамика тіркеліп отыр, бірақ бұған негізінен өткен жылдың қыркүйек айындағы төмен көрсеткіштер себеп болды, ол кезде нарықтағы ұсыныстың азаюы салдарынан сауда күрт төмендеді. Нақты айтқанда 2021 жылдың қыркүйегінде автокөлік өндірісіне қажетті жартылай өткізгіштерге тапшылық туындады.

Мұны Еуропада 2022 жылдың алғашқы тоғыз айында 8 млн 271 мың 115 бірлікті құраған жаңа автокөліктердің сауда көлемі растайды, бұл 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 10 пайызға дерлік төмен, өндірушілер аталған кезеңде алғашқы жеті ай бойы құрамдастар жеткізуде қиындық көрген жоқ және нарық үнемі өсіп отырды.

Биылғы қыркүйекте Ұлыбритания Еуропа елдері арасында 225 мың 269 көлік сатып (өткен жылдың қыркүйегімен салыстырғанда +4,6%) алдыңғы орынға шықты. Британдық автомобиль өндірушілері және автокөлік дилерлері қоғамының (SMMT) мәліметтері бойынша, қатарынан екінші ай бұл елде жағымды динамика тіркеліп отыр, ал Тұманды Альбионда қыркүйек дәстүрлі түрде жаңа автокөліктердің саудалануымен ерекшеленетін ай екенін айта кетуіміз керек.

Екінші орында — 224 мың 816 (+14,1%) көлік сатқан Германия. Еуропалық автокөлік нарықтары арасында үшінші орынды 141 мың 137 көлікпен (+5,5%) Франция иеленді. Одан кейін дилерлері 110 мың 976 көлік сатқан Италия болса (+5,4%), 67 мың 240 жаңа көлік сату есебінен қыркүйекте көлік нарығы 12,7%-ға өскен Испания бестікті тәмамдады.

Испанияның автомобиль және жүк көліктерін өндірушілер қауымдастығының (ANFAC) мәліметінше, бұл елде автомобиль өндірісінің тұрақтануының арқасында оң нәтиже тіркелді. Алайда, Украинадағы мен Тайваньдағы жағдайға байланысты құрамдас бөліктерді жеткізудегі жалғасып келе жатқан мәселелерге қарағанда тұрақтылық ұзақ уақыт сақталатындығына сенім жоқ.

Қыркүйек айында Ресей еуропалық кеңістіктегі сауда бойынша 44 398 көлік бірлігімен алтыншы қатарды сақтап қалды, бірақ 2021 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда оның автокөлік нарығы 60%-дан артық құлдырады.

Автоөндірушілер арасында қыркүйекте Еуропалық Одақта көлікті ең көп сатқан — Volkswagen — 107 мың 297 автомобиль (2021 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда +17,8%), Toyota 68 мың 977 автокөлікпен (+15%) екінші орында, үшінші қатарда 57 535 көлік сатқан Mercedes-Benz (+34,8%). Үздік бестікті Ford (54 783 бірлік, +31,5%) және BMW (54 769 бірлік, -4,7%) түйіндейді. Renault тобының сатылымы 1,2%-ға және жапондық Mazda (0,2%), Mitsubishi (-31,4%), Honda (-5,9%) және Nissan (-10,4%) сатылымы төмендеді.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
19.10.2022, 15:26