Елордалық такси жүргізушілері үшін жаңа талаптар енгізілді
Елордада жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау ережелеріне түзетулер күшіне енді.
Үкіметтің 2022 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысымен елордада жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау ережесіне өзгерістер енгізілді. Бұйрық 2022 жылдың 15 қазаннан бастап күшіне енеді.
Тасымалдаудың жаңа ережелерге сәйкес, такси жүргізушілері жолаушыларды техникалық жарамды көліктермен жеткізуі тиіс. Ол үшін көліктерге рейс алдындағы тексеру жүргізуге міндетті. Сондай-ақ, енді такси жүргізушілері қайта даярлаудан өтуге және біліктілігін арттырулары қажет.
Жүргізушілер үнемі рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық тексерулерден өтуі талап етіледі. Сонымен қатар олар арнайы киімде болулары керек.
«Такси автомобильдері шанақтың периметрі бойынша «дойбы белбеуімен» және 500 метр қашықтықтан жақсы көрінетін такси қалпақшасымен, алдыңғы есіктерде тасымалдаушының логотипімен, артқы есіктерде қызмет көрсететін диспетчерлік қызметтің нөмірлерімен және шанақтың артқы бүйірлерінде такси автомобилінің жеке тіркеу нөмірімен (гараж нөмірі) жабдықталады. Такси қалпақшасында «TAXI» (такси) деген жазу немесе «дойбы белбеуі» таңба болуы керек. Түнгі уақытта қалпақша жарық беріп тұруы тиіс», — делінген үкімет қаулысында.
Бұл ретте такси автомобильдеріндегі салонда жолаушыларға көрінетін тұста жүргізушінің фотосуретімен қоса аты-жөні, тасымалдаушының ресми атауы, тасымалдауға арналған тариф, сондай-ақ белгілі бір жағдайларда қолданылатын арнайы тарифтер (багаждың әрбір орны, әр жануар және т.б. үшін), Астананың көлік органының, диспетчерлік қызметтің телефон нөмірлері (бар болса) болуы тиіс және «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет, қала картасы жарияланып тұруы тиіс.
Жансая Нурбекова, корреспондент
08.10.2022, 13:11