Электромобильдерге арналған аккумуляторларды Семей полигонына көмуді ұсынды
Қазақстан электромобильдерде қолданылатын литий-ионды аккумуляторларды өзі өндіре алады.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде тек қорғасын-қышқылды аккумуляторлар өндіріледі және қайта өңделеді. Олар қуатты әрі мықты болғанымен, төмен температураларда істен шығып қалады. Сондықтан, электрлі көліктерде литий-ионды аккумуляторлар қолданылады.
Бұл ретте оларды қайта өңдеу мәселесі туындайды. Бүкіл әлемде қатты материалдан құнды элементтерді шаймалау арқылы гидрометаллургия технологиясы қолданылады. Бұл аккумулятор жинағының 90%-ына дейін қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Қайта өңделмеген қалдықтар қауіптіліктің II санатына жатады. Сондықтан қоршаған ортаға, адам денсаулығына және жануарларға зиянын тигізуі әбден мүмкін.
«Осыған байланысты, қайта өңделмеген литий-ионды аккумуляторлық батареяларды еліміздің шектеулі бөлігінде, атай айтсақ Семей ядролық қауіпсіздік аймағында көму ұсынылып отыр, — делінген энергетика министрлігі дайындаған Қазақстан Республикасының Электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасында.
Литий-ионды батареяларды өндіру мәселесіне келсек, елімізде барланған литий кен орындары қажетті шикізатты жеткізуге кемінде 10 жылға жетеді. Энергетика министрлігі осыны өз қажеттіліктері мен экспорт үшін жеткілікті деп санайды.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
05.10.2022, 13:19