E-Rolls-Royce-ке жүзге жуық алдын ала тапсырыс түсті
Люкс автомобильдер шығаратын британдық өндірушінің тұңғыш электрлі көлігі Spectre бәрінен де АҚШ-та қызығушылар көп.
Rolls-Royce британдық өндірушінің Spectre деп аталатын алғашқы электрлі автомобиліне шығарылмай жатып тапсырыс көбейді, деп хабарлайды CNBC
Rolls-Royce компаниясы қазан айының ортасында алғашқы электромобилін таныстырды — ол 585 ат күші бар қозғалтқышпен жарақтандырылған және шассиі 520 шақырымға дейін жүріс қоры бар тартым батареясымен әрекеттесетін Spectre купесі. Бірақ ресми премьераға дейін британдық көлік өндірушісі өзінің клиенттері үшін жабық таныстырым өткізген. Жаңа көлік көңілдерінен шыққаны соншалық, алғашқы E-Rolls-Royce солтүстікамерика нарығының өзінде бірнеше жүз алдын ала тапсырыс жинады. Бұл туралы Rolls-Royce басшысы Торстен Мюллер-Отвос CNBC-ге берген сұхбатында мәлім етті.
«Клиенттеріміз жаңа Rolls-Royce Spectre-ді көрген бойда әсерде болды. Өте көп алдын ала тапсырыс алдық», — деп атап өтті Торстен Мюллер-Отвос.
Топ-менеджер жүздеген алдын ала тапсырыстың ақшасы төленіп қойғанын айтқанымен, көлемін жария етпеді. Бізге белгілісі — жаңа Rolls-Royce Spectre 413 мың долларды құрайды, бірақ британдық марканың барлығы дерлік модельдері нақты клиенттің қалауына сай жасалатынын ескерсек, әрбір электромобильдің орташа құны одан да жоғары болмақ.
Екі есікті Spectre купесі кәдімгі Rolls-тан әлдеқайда сүйкімді, ол жылдамдығын 4,4 секунд ішінде сағатына 60 мильге дейін екпіндете алады. Rolls-Royce компаниясы 2030 жылға қарай өнімдерінің барлығы тегіс электрліге айналады деп отыр. Мюллер-Отвостың айтуынша, мұндай қадам Rolls үшін заңдылық, өйткені оның машиналары баппен бірақ қуатты жүрісімен ерекшеленеді, ал мұндай қасиет электрокарларға тән екені мәлім. Оған қоса E-Rolls-Royce General Motors-тың тұңғышы — құны 300 мың доллардан басталатын Celestiq-ке бәсекелес болғалы тұр.
Spectreдің басты ерекшеліктері — 22 жарықдиодты алдыңғы торы, борттарының айналасындағы жарыс яхталарындағы секілді етіп жасалған аэродинамикалық сызықтар және Spirit деп аталатын жаңа сандық интеллект жүйесі. Spectre-дың арнайы опциясы ретінде есіктері мен төбесінде 5500-дей жұлдыздан тұратын «жарқыраған панель» ұсынылған.
Мюллер-Отвос нақты сауда мақсаттары немесе Spectreге арналған мақсаттары туралы айтпады, ол тек 2021 жыл Rolls-Royce үшін сауда мен өндіріс бойынша рекордтық жыл болғанын тілге тиек етіп өтті. Былтыр британдық компания сол жылы құрастырған 5 мың 586 автомобилін сатқан.
«Сауда үлесі тұрғысынан келгенде, компанияның тірегі — жол талғамайтын Cullinan, екінші коллонасы ол — Rolls-Royce Ghost, одан кейін үшінші колонна ретінде Spectre келеді, — деді ол. — Бірақ Spectre — Rolls Royce-та бұрын-соңды болмаған мінсіз өнім», — деп атап өтті ол.
Егор Васильев, корреспондент
23.10.2022, 14:06