Changan Uni-K сынақтан өтті: сарапшылар жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді
Сарапшылар қозғалтқышының жұмысына, техникалық мүмкіндіктері мен автомобиль салонына баға берді.
«Қытай автомобильдері» порталы жаңа Changan Uni-K автокөлігіне сынақ-драйв өткізді. Автокөлік тас жолдарда, қалада және дала жолдарында сынақтан өтті. Бұл тест-драйв қазақстандық автокөлік әуесқойларының қызығушылығын тудыруы мүмкін, себебі Changan Uni-K көлігін өткен аптада Астанада Terra Motors компаниясы таныстырған болатын. Көліктің Қазақстандағы бағасы 17,5 миллион теңгеден 20 миллион теңгеге дейін барады.
Қозғалтқыш
Сарапшылар қозғалтқыш пен беріліс қорабының жұмысы көңілден шығады деп отыр. Қуаты қала жолдарында да, тас жолда жүруге жеткілікті. Changan Uni-K Aisin автоматты беріліс қорабымен жабдықталған, ол бірқалыпты жұмыс істейді және берілістерді біркелкі ауыстырады.
Дегенмен, жүйе кейде сыр беретіні бар — ол берілістерде шатасып, жылдамдықты азайтуға ауысу кезінде үзілістерге жол береді. Бір-екі рет берілістерді ауыстырған кезде беріліс қорабынан аздаған жұлқу пайда болды.
«Сынақтан өткізуге арналған көліктерді аямайды, сондықтан мұны біз нақты осы көліктің өзіне ғана тән кінәраты деп шештік», — деп жазады «Қытай автомобильдері» порталы.
Сондай-ақ сарапшылар тежегіш жүйесінің жұмыс істеуіне жоғары баға беріп отыр. Ол шиқылдамайды, оның қуаты мұндай үлкен көлік үшін жеткілікті.
Салон
Құралдар панелі ерекше жасалған, бірақ оған тез үйренісіп кетуге болады. Дегенмен кейбір ақпарат 2 экранда бірдей қайталанады, ал мультимедиалық қондырғының орталық экраны оң жақ дисплейдің артқы көрініс камерасындағы суреттің жартысын жауып қалады.
Сонымен қатар Uni-K салонында саусақпен басатын бірнеше басқарушы батырма бар. Функциялардың басым көпшілігі орталық дисплейден реттеледі. Бірақ оған де үйренісу оңай, және көлікті басқаруға еш кедергі келтірмейді.
«Uni-K салонында металл элементтер жоқ. Алюминийге ұқсайтын бөлшектерде алюминийдің ұнтағы ғана пайдаланылған. Сырт көзге метал секілді көрінгенімен, тактильді зерттеу барысында пластик екені аңғарылады. Тозуға беріктігіне келер болсақ, бізге сынаққа берілген көліктің 20 мың шақырым жүрілгенін ескерсек, осы уақыт ішінде бірде-бір бөлшегі тозбаған», — деп жазады «Қытай автомобильдері».
Көліктің тас жолдағы жүрісі
Басып озуға шыққан кезде 2 нәрсені есте ұстау қажет — турбина минутына 1 800 айналымда қосылады, толық күшіне минутына 2 200 айналған кезде барып қосылады. Бұл көбінесе 8 берілісте болады. Ал егер «газды» күрт бассаңыз, онда аздаған кібіртіктеу сезіледі.
Ой-шұңқырлы жолдар мен топырақты жерлермен көлік сенімді жүреді. Негізінен алдыңғы бампердің ернеуі алаңдатады. Егер жылдамдықты игеріп отырмасаңыз, бамперді соғып, көлігіңіздің көркін бұзып, қалтаңызға салмақ түсіруіңіз мүмкін.
«Артқы осьтің қосылу сәті анық сезіледі. Алдыңғы дөңгелектер төрттен бір айналымда айналып үлгеріп, артқылары да ілесе жөнеледі. Динамикалы қосылу пиктограммалары жүргізушінің алдындағы орталық дисплейде жанады», — деп жазады «Қытай автомобильдері».
Электронды көмекшілер
Бейінді круиз-бақылау мұқият жұмыс істейді, және басқа автомобильдердің модельдерінен айырмашылығы сол, жүргізушінің көмегіне ертерек жүгініп тұрады. Ал жолақтан шығып кетпеуді бақылау жүйесіне қатысты айтар болсақ, ол үшін жолдағы сызықтар анық көрінуі тиіс.
Сарапшылар алдағы күрт тежегіш басқан автомобильдің алдынан тоқтау жүйесіне жоғары баға берді. Ол нақты және еш кідіріссіз жұмыс істейді.
Сондай-ақ телефон экранын CarAuto фирмалық қосымшасы арқылы қайталауға болады. Алайда автомобиль AppleCar Play and Android Auto-ны тани алмайды.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
03.10.2022, 16:45