Меню CARMA.KZ

Bridgestone «ақылды» дөңгелектер шығарады

Автомобиль дөңгелектері тозу деңгейін есептейтін бұлтты жүйеге қосылады.

Bridgestone «ақылды» дөңгелектер шығарады / Фото: Bridgestone
Bridgestone «ақылды» дөңгелектер шығарады / Фото: Bridgestone

Жапондық Bridgestone өндірушісі автобустар мен жүк көліктеріне арналған радио таңбалары бар «ақылды» дөңгелек шығаруға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Motor.ru ресурсы.

Жаңа дөңгелек түрінің ерекшелігі сол, оның бұлтты жүйелерге қосылатын радиотолқынды сәйкестендіру (RFID) таңбалары бар. Бұл көлік парктеріне дөңгелектердің тозған уақытын қадағалауға және протекторларды мерзімінде жамауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, дөңгелектердің қызмет ету мерзімі ұлғаяды және автобустар мен жүк көліктерінің қоршаған ортаға зиян келтіру көрсеткіші азаяды. Кейін осындай дөңгелектерді жеңіл көліктерге арнап та шығармақшы.

Bridgestone радиотолқындарды алдымен жүк көліктері мен автобустардың жөндеуден өткен дөңгелектеріне салады. Алғашқы болып «ақылды» резеңкені АҚШ пен Еуропадағы ірі логистикалық жеткізушілердің парктеріндегі көліктер сынап көрмек. Кіріктірілген микроэлектроника тұтынушыларға әр дөңгелектегі қысымды бақылауға мүмкіндік береді. Егер қандай да бір өзгеріс болса, ол жөндеу қажеттігін нұсқап отырады.

Bridgestone өзінің өнімінің маңыздылығы неде дегенге, протекторларды уақтылы қалпына келтіру көмірқышқыл газын азайтынын және жаңа дөңгелектердің өндірісіне материалдарды айтарлықтай үнемдейтінін айтады. Аталмыш дөңгелектердің өндірісін Теннесси штатындағы зауытта бастамақшы. Онда RFID-таңбаларын енгізуге қабілетті қосымша жабдықтар орнатылады. Жаңа резеңкелерді жаппай өндіру 2024 жылға жоспарланған.

Осы жылы компания Жапониядағы және Азияның басқа елдеріндегі зауыттарда жаңа желілерді орната бастайды. Ал мұндай дөңгелектерге 2030 жылы Жапония, АҚШ және Еуропа толығымен көшпекші. Ол уақытқа дейін Bridgestone-ның жеңіл көліктерге арналған дөңгелектері де электронды таңбалармен жабдықталатынын компания өкілдері жоққа шығармайды. Жапон өндірушісі қазір тек микрочиптердің жетіспеушілігі басты мәселе болып отырғанын айтады.

Биыл қыркүйекте Volkswagen сату бөлімінің басшысы Мұрат Аксель директорлар кеңесінде неміс концернінде келесі жылы автомобиль өндірісіне қажетті чиптердің жетіспеушілік мәселесінің шешілетіндігі екіталай екенін айтты. Неміс сарапшыларының пікірінше, әлемдік көлік өнеркәсібі көлік чиптерінің тапшылығын жеткізу тізбектері үзілген «жаңа қалыпты жағдай» ретінде қарауы тиіс. Әрі оларды қайта қалпына келтіру әзірге мүмкін емес.

Микроэлементтерді жеткізу мәселесі короновирус індетінен басталып, екі жылдан бері әлем бойынша көлік өндірушілердің қалыпты жұмысына кедергі келтіріп жатыр. Микроэлементті өндірушілер осы уақытқа дейін сұранысты өтей алмай келеді. Ал көлік өнеркәсіп чиптерді жоғары бағамен сатып ала алатын Apple сияқты технология алпауыттарымен бәсекелесуге мәжбүр. Сонымен қатар, 2022 жылдың басында чип өндірісінің төмендеуіне Украинадағы жағдайға байланысты әлемнің әртүрлі елдеріндегі кұрамдастарды өндірушілердің кәсіпорындарына қойылған шектеу шаралары қосылды.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
07.10.2022, 13:48