Меню CARMA.KZ

Әлемдік көлік нарығы бір айда 6,5%-ға өсті

2021 жылғы қыркүйектен 2022 жылдың қыркүйегі аралығындағы жылдық есептеуде жеңіл және коммерциялық жеңіл автомобильдердің саудасы 17%-ға өскен.

Әлемдік көлік нарығы бір айда 6,5%-ға өсті / Фото: UNSPLASH
Әлемдік көлік нарығы бір айда 6,5%-ға өсті / Фото: UNSPLASH

Әлемдік көлік нарығы 2022 жылдың қыркүйегінде осы жылдың тамыз айына қарағанда 6,5%-ға өсті, деп хабарлайды Автостат агенттігі.

Әлемде жеңіл және коммерциялық жеңіл автомобильдердің саудасы биылғы қыркүйекте 7 млн 348 мың бірлікті құрады, бұл көрсеткіш бір ай бұрын 6 млн 895 мың бірлік болған еді. Сонымен қатар жылдық есептеуде, яғни былтырғы қыркүйектегі жағдай бойынша, 6 млн 229 мың автомобиль сатылып, нарық 16,8%-ға өскен.

2022 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша әлемде 59 млн 481 мың бірлік автомобиль сатылған. Былтыр дәл осындай кезеңде 61 млн (-2%) бірлік саудаланған еді, делінген «Автостат» сілтеме жасаған LMC Automotive консалтинг компаниясының деректерінде. Автомобиль саудасы бойынша өткен айда 2 млн 611 мың көлік сатып, бір жыл бұрынғы көрсеткішінен 26,4%-ға өсім көрсеткен Қытай алдыңғы орында болды.

Аспанасты еліндегі жағымды динамика төртінші ай қатарынан жалғасып келеді. Оған осы елдің кейбір аймақтарында көктемгі локдаундар кезінде жинақталып қалған сатып алушылық сұраныс, сондай-ақ ендігі жерде тек электромобильдерге ғана емес, ішкі жану қозғалтқышты көліктерге де әрекет ететін көлік нарығын қолдау жөніндегі жаңа шаралар әсер етті.

Атап айтқанда, 2022 жылдың маусымымен желтоқсаны аралығында Қытайда ІЖҚ жүретін автомобиль сатып алу үшін салық екі есе — 10%-дан 5%-ға төмендетілетіні жарияланды. Елде сатылатын ЖҚС көліктердің 90%-ы бағдарламаға қатыса алады. Бағдарламаның талабы бойынша көлік 300 мың юаньнан арзан (бүгінгі бағам бойынша 19,5 млн теңге шамасында) және қозғалтқыш көлемі екі немесе одан да аз болуы тиіс.

Электромобильдерге келер болсақ, үкімет бұрынғы жеңілдіктерді сақтап, 2023 жылға дейін ұзартып отыр. Атап айтсақ, электрокар сатып алушылар көлік салығынан босатылады, сондай-ақ электромобиль сатып алуға субсидия ала алады. Жуырда мұндай субсидияларды Шанхай мен Шэньчжэньде бере бастады. Сонымен қатар жарты жылға ауылдық жерлерде «жасыл» көліктерді танымал ету бағдарламасы енгізілуде.

Америкада 2022 жылдың қыркүйегінде 1 млн 111 мың автомобиль сатылған — бұл бір жыл бұрынғыдан 10,8%-ға көп. Батыс Еуропа елдерінің автомобиль нарықтарындағы сауда көлемі өткен айда 1 млн 090 мың көлікті (+6%) құрады. Шығыс Еуропа елдерінде автомобильдер саудасы 23,7%-ға, 234,5 мың бірлікке дейін төмендеді. Бұл Украинадағы жағдайға және Ресейге салынған санкцияларға байланысты болып отыр.

Оңтүстік Америкада жергілікті дилерлер 212,6 мың автомобиль сатқан, бұл бір жыл бұрынғы нәтижемен салыстырғанда 23,3%-ға көп. Әлемнің ірі көлік нарықтары арасынан Жапонияны (392,1 мың дана, +25,2%), Кореяны (137,2 мың дана, +22,4%) және Канаданы (131,8 мың дана, -7,2%) атауға болады. Қазақстанда қыркүйекте жаңа жеңіл көліктердің сауда көлемі 2022 жылдың рекордын жасады.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
18.10.2022, 14:34