2025 жылы АҚШ-та электрлі көліктердің өндірісі 4 есеге артуы мүмкін
Tesla монополиясына жол бермеу үшін ірі автомобиль өндірушілерді жаппай электрлі көлік өндірісімен әртараптандыру қажеттігі негізінде осындай болжам жасалып отыр.
Алдағы үш жылда АҚШ-та электрлі көліктердің өндірісі 4 есеге артуы мүмкін, мұндай болжамды Bloomberg.com агенттігі LMC Automotive компаниясына сілтей отырып жасады.
«LMC 2025 жылға қарай Солтүстік Америкада электрлі көліктердің өндірісі төрт есеге — 2026 жылға қарай жылына 2 млн дейін жетеді деп отыр. Биылғы алғашқы алты айда Солтүстік Американың зауыттары 7,4 млн жеңіл және жүк көлігін шығарды. Бірақ олардың тек 323 мыңы ғана батареядан қуат алатындар», — деп жазады ресурс.
Дей тұрғанмен АҚШ-тың өзінде электрлі көліктерге сұраныс ұсыныстан асып түседі, деп мәлімдейді LMC Automotive. Елдің ірі автомобиль өндірушілері электромобильдерді зерттеу мен әзірлеуді қаржыландыру үшін іштен жанатын қозғалтқышты көліктерді әлі де саудалай беру қажет деп түсіндірді.
LMC деректеріне сүйенсек, азиялық зауыттар электрлі көліктерді бес есе көп шығарып жатыр, ал еуропалық өндіріс екі есеге өскен. Бұл бір жағынан америкалық электромобильдер нарығын шетелдік компаниялардың біртіндеп жаулап алу қаупін тудырса, екінші жағынан нарықты өз ішінде Tesla-ның монополиялау қатері тағы бар.
Қазір бұл компанияның америкалық электрлі көліктердің жалпы ішкі өндірісіндегі үлесі 75%-дан асты. Tesla Солтүстік Америкада жиналған электромобильдердің төрттен үш бөлігін шығарады. Kotter International консалтингтік компаниясының негізін қалаушы Кэти Герш автомобиль өндірушілері күрделі дилеммаға тап болды деп санайды.
«Егер сіз тауарлық қорға тым ерте инвестиция салсаңыз, қаржыны қайтаруда қиындықтарға тап боласыз. Ал егер инвестицияны тым кеш салсаңыз, сұраныстан кешігіп қаласыз, — деп түсіндірді Герш. — Бұл жағдайда олар (америкалық автомобиль өндірушілер) тым кешігіп жатыр. Бірақ көлік өндірушілердің бұдан әрі күтіп жүруге мүмкіндігі жоқ, әйтпесе Tesla нарықты тұтастай еншілеп алады», — деп атап өтті ол.
Қыркүйектің ортасында Tesla-ның Техастағы зауытының өндірістік қуаты 250 мың электромобиль шығара алатын деңгейге жеткені белгілі болды. Соңғы болжамдарға сәйкес, ол 2022 жылдың үшінші тоқсанында бүкіл әлем бойынша 350 мыңнан астам электромобиль шығарып, саудаламақшы. Келесі жылы Техастағы кәсіпорын Cybertruck электрлі пикаптарын құрастыра бастайды.
Бұған дейін BloombergNEF сарапшылары 2030 жылға қарай АҚШ-та сатылатын барлық жаңа жеңіл көліктердің 52%-ы электрлік болады деп болжаған. Олар инфляцияны төмендету туралы заң (IRA) қолданысқа енгізілгеннен кейін осындай тұжырымға келді. Заң аясында климатты жақсарту бойынша түрлі мемлекеттік қолдау шараларына $374 млрд (179,4 трлн теңге) қаржы бөлінді. Олардың ішінде АҚШ тұрғындарына жаңа электрлі көліктер сатып алуға 7 7,5 мың (3,6 млн теңге) мөлшерде субсидия берілген.
Егор Васильев, корреспондент
11.10.2022, 13:31