УАЗ қайтадан Еуро-0 қозғалтқыштарын орната бастады
Ульянов автозауыты РФ үкіметінің отандық өндірушілерге қатысты экологиялық талаптарды жеңілдету туралы мамырдағы қаулысын пайдаланып жатыр.
Ульянов автозауыты өзінің автомобильдерін 1988 жылғы экологиялық стандартқа жататын қозғалтқыштармен жарақтандыра бастады, деп хабарлайды motor.ru
Басылымның айтуынша, биылғы қыркүйектен бастап жол талғамайтын көліктерді, шағын автобустарды, фургондар мен классикалық шоғырға жататын УАЗ жүк көліктерін («Хантер» мен СГР) ЗМЗ-40906 қозғалтқышы («Еуро-5» санаты) мен «Еуро-0» санатына жататын қарапайым ЗМЗ-40911 агрегаты қойылған нұсқада сатып алуға болады. Әйтсе де экологиялық талапқа жатпайтын мотор қойылған көлік бар болғаны 20-25 мың рубльдей (154 мың теңгеден 192,2 мың теңгеге дейін) ғана арзанға түседі.
Осылайша Ресей Федерациясы үкіметінің биылғы мамырдың ортасында қол қойған №855 қаулысын алғашқы болып УАЗ іс жүзіне асырып отыр. Аталмыш қаулы ресейлік өндірушілердің 2023 жылдың 1 ақпанына дейін экологиялық емес көлік шығаруына мүмкіндік береді.
Құжат сондай-ақ егер конструкциясында қарастырылмаған болса автомобильдерді катализаторсыз шығаруға рұқсат етеді. Сонымен қатар ABS жүйесінің міндеттілігі жойылды: қаулыға сәйкес, жеңіл көліктер мен автобустарды көмекші электроникасыз шығаруға болады. Бірақ күні кешеге дейін қозғалтқыштардың экологиялылыған қатысты қаулыны бірде-бір ресейлік автозауыт пайдаланған жоқ, тек Ульянов зауыты алғашқы болып кірісіп отыр.
Ульянов зауытының жолсыз жерлерге арналған қарапайым моторлы көліктерін әдеттегі модификацияда алуға болады, алайда қозғалтқышы экологиялық емес көліктерге арналған артқы белдіктің дифферциалын бұғаттағышқа тапсырыс бере алмайсыз. Тоғыз орындық УАЗ-2206 шағын автобусын сатып алсаңыз ғана 25 мың рубль үнемдеуге болады, ал «Еуро-0» агрегаты орнатылған қалған барлық шанақ типтерінде 20 мың рубль ғана айырмашылық бар. Негізі ЗМЗ-40911 қозғалтқышы әуел бастан «Еуро-3» және «Еуро-4» экологиялық стандарттарына сәйкестендіріліп әзірленді, себебі Ресейде «Еуро-0» санатына жататын автомобильдерді сонау 2005 жылы сатуға тыйым салынды.
Еуропада «Еуро-0» стандартының қозғалтқыштарымен 1992 жылдан бері автомобиль шығарылмайды. Ульянов автозауыты биыл осыған дейін де сатып алушыларға қарапайым конструкциялы көлікті жеңілдікпен сатып алуды ұсынды. Атап айтқанда маусымда «Патриот» көліктеріне «ЭРА-ГЛОНАСС» блоктарын орнатуды доғарды, бірақ олардың бағасын арзандатқан жоқ, ал бір немесе екі қауіпсіздік жастығы кем болғаны үшін 10 және 20 мың рубль (76,8 мың және 154 мың теңге) арзандатқан. «ЭРА-ГЛОНАСС» жүйесі үшін жеңілдік жасалмауының себебі — өндіруші оларды 2023 жылдың 1 ақпанына дейін орнатуға міндетті болған.
Жоғарыда айтылған ресей үкіметінің №855 қаулысы пассив қауіпсіздік стандарттарын да қарастырады. Яғни жаңа автомобильдерді сынақтан ескі талаптар бойынша өткізбекші. Ол талаптардың қатарынан міндетті бүйірлік краш-сынақтар мен фронталды краш-сынақтар алынып тасталды. Ең соңғысы — жаңа автомобильден шығатын шудың деңгейіне талаптар жеңілдетілді.
Айта кетейік, қаулыда көрсетілген кейбір босаңдатуларды биылғы жазда АвтоВАЗ пайдаланған болатын. Олар маусым-шілдеде Lada Granta моделінің қауіпсіздік жастығы мен ABS-сыз қарапайым нұсқасы құрастырылды, бірақ АвтоВАЗ президенті Максим Соколовтың мәлімдеуінше, Тольятти автозауытының өнімін ABS жүйесімен келер жылдан бастап жарақтандыру қарастырылған, ал қауіпсіздік жастығы көліктің жиынтықталуына тамыздың аяғында қайта пайда болды.
Егор Васильев, корреспондент
06.09.2022, 11:52