«Соллерс» жаңа дербес брендін шығарады
Ресейлік автомобиль жасаушы топтың еншісінде осыған дейін дербес жалғыз ғана УАЗ бренді болды.
Ресейлік «Соллерс Авто» автомобиль жасаушы тобы өзінің қаңтарулы тұрған өндірістік алаңдарында жерсіндірілген жаңа брендін жасамақшы, деп хабарлайды interfax.ru.
«Дербес бренд жасап жатырмыз. Кешегі күнге дейін топтың портфелінде жалғыз ғана дербес УАЗ бренді болды. УАЗ жол талғамайтын көлік шығарушы болып қала береді. Біз жаңа жобаларымыздың көпшілігіне «Соллерс» брендін пайдаланып, ілгерлетпекшіміз. Және жақын арада осы брендпен жерсіндіретін алғашқы жобамызды жарыққа шығаратын боламыз», — деп келтіреді агенттік «Соллерс Авто»-ның бас директоры Николай Соболевтің Владивостоктағы форумда айтқан сөзін.
«Соллерс Авто» компаниясының иелігінде Ульянов автомобиль зауыты, Завольже мотор зауыты, Елабугадағы «Соллерс Форд» (ресейлік Aurus люкс-маркасының автомобильдерін шығарады) пен Владивостоктағы «Мазда Соллерс» бірлескен кәсіпорындарында үлестері бар. Шетелдік серіктестеріне байлаулы бұл бірлескен кәсіпорындар саяси оқиғаларға байланысты биылғы көктемнен бері жұмыс істемей тұр. Ал санкцияға іліккен УАЗ болса ABS-сыз, қауіпсіздік жастығынсыз, және Еуро-0 стандартына жататын ЗМЗ қозғалтқыштарын орнату арқылы қарапайым көлік шығару амалына барып отыр.
Сондай-ақ Ульяновта 2017 жылы құрылған «Изусу Соллерс» БК қағаз жүзінде жұмыс істеп тұр. «Соллерс авто» бұл кәсіпорынның құрамынан 2015 жылы шығып кетіп, арнайы инвестициялық келісімшарт жасауды шешкен соң қайтып келген болатын. Келісімшарт 2018 жылдың мамырында жасалғанымен, бұл бірлескен кәсіпорынның жұмысы бәрібір жанданған жоқ. Дегенмен Соболев мырза жаңа бренд осында орналасуы мүмкін екенін де тілге тиек етіп қалды.
«Біз қашанда серіктестік арқылы дамып келеміз, ол біздің догмамыз болатын. Бірақ қазір бірқатар объективті себептерге байланысты бұрынғы қағидалар жойылды, біз олардың жаңасын жасауымыз керек. Ford, Mazda және Isuzu-мен бірлескен кәсіпорындарымыз бар екенін білесіздер. Олар бүгінде өнім шығарып жатқан жоқ, сондықтан, әрине, біз жаңа жобаларды осы қуаттылықтарда жасайтын боламыз. Әрі ол жобаларда біз негізгі, ал кейбірінде тіпті жалғыз инвестор болатынымызды анық білеміз. Ең бастысы — бұл жобаларда біз құқық иеленуші атанамыз, яғни олардың базасында жаңа өнімдер мен жаңа тұғырларды пысықтауға, қайта жасау мен жаңадан жасап шығаруға мүмкіндік ала отырып интеллектуалдық меншік құқығына қол жеткізетін боламыз», — деп мәлімдеді компанияның бас директоры әрі меншік иесі.
Николай Соболевтың айтуынша, жаңа жобалардың көпшілігі «Соллерс» брендімен сатылып және ілгерлетіледі. Өйткені қазір компанияның өзінің дербес жалғыз ғана УАЗ (Aurus негізгі меншік иесі ҒАМИ болып табылатын «Аурус» ЖШҚ-ға тиесілі) маркасы бар. Жоғарыда сөз еткен жобалар жайлы «Соллерс Авто» бас директоры жақын арада жария ететінін атап өтті. Әйтсе де, қазіргі сәтте жария болған ақпараттарға сүйенсек, бұл жобаларда, мәселен коммерциялық жеңіл автомобильдерге арналған дизель қозғалтқыштың негізгі құрамдастарын, желілер мен агрегаттарын шығару қарастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, «Соллерс Авто»-тың меншік иелерінің құрамы маусымда өзгерді. Биылғы жаздың басына дейін «Соллерс Авто»-ның негізгі акционері кәсіпкер Вадим Швецов болды, бірақ кейін ол өзіне тиесілі «Соллерс Групп» ЖШҚ арқылы иеленіп отырған автоконцерннің 76,7% акциялар пакетін «Альтер Инвест» ЖШҚ-ға сатты. Ал «Соллерс Авто» автоконцернінің топ-менеджерлері бұл компанияда да ортақ иегерлер болып табылады. Атап айтқанда, «УАЗ» бен «Соллерс Форд» БК бас директоры Әділ Шырынов (39%), «Соллерс Авто» тобының бас директоры Николай Соболев (35,5%), оның орынбасары Зоя Каика (20%) директордың құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Виктор Хвесеня (5%) еншілейді.
Егор Васильев, корреспондент
07.09.2022, 09:50