Соллерс Авто Mazda-ның ресейлік бірлескен кәсіпорындағы үлесін сатып алуға дайын
Олар Владивостоктағы «Мазда Соллерс Мануфэкчуринг Рус»-тың 50% акциялар пакетін сатып алмақшы.
«Соллерс Авто» компаниясы Mazda-мен Владивостокта жапон көліктерін өндіруді тоқтату және бірлескен кәсіпорында жапон өндірушісінің үлесін сатып алу мәселесін талқылап жатыр, деп хабарлады Autostat.ru ресурсы.
Владивостокта орналасқан «Мазда Соллерс Мануфэкчуринг Рус» БК қатысушыларының бұл жоспары туралы басылымға «Соллерс Авто» баспасөз қызметі хабарлады. Сонымен бірге, ресейлік компания Владивостоктағы зауытта басқа брендтердің көліктерін шығару жоспары дайын тұрғанын және қазіргі уақытта осы мәселе бойынша келіссөздерді аяқтап қалғандарын айтты.
«Мазда Соллерс Мануфэкчуринг Рус» — Mazda Motor Corp. компаниясы мен «Соллерс»-тің 50/50 серіктестік қағидатына негізделіп құрылған. «Мазда Соллерс» зауытының жобалық қуаты жылына 100 мың автомобильді құрайды. Бұл зауытта Mazda CX-9 кроссовері, Mazda CX-5 кроссовері және Mazda6 седаны шығарылды.
Сонымен қатар, ол жерде 150 күштік Mazda Skyactiv-G қозғалтқыштарының өндірісі толығымен жерсіндірілген жеке цех құрылды. Алайда Владивостоктағы құрамдастарды жеткізудегі қиындықтарға байланысты кәсіпорын биылғы көктемнен бері қаңтарулы тұр. Енді жапондық өндіруші Украинадағы оқиғалар мен логистикадағы мәселелерге байланысты Ресейдегі көліктерін құрастыруды тоқтатқысы келеді.
«Автостат»-тың мәліметінше, 2022 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша, Ресейде 8 537 Mazda автокөлігін сатып алған. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55,5%-ға аз. 2022 жылдың қаңтар-тамыз аралығында Ресей нарығында Mazda-ның ең танымал моделі CX-5 кроссовері болды. Одан 6 349 көлік саудаланды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,9%-ға төмен.
«Соллерс»-ке келетін болсақ, ол Елабугада (Татарстан) тиісті өндірісті ұйымдастырып, қыркүйек айының басында коммерциялық жеңіл көліктер сегментін игеретінін жариялады. Ол сол кезде Владивостоктағы зауыт секілді қаңтарулы тұрған алаңдарында жаңа жерсіндірілген бренд өндірісін ашқысы келетінін мәлімдеді.
Ресейлік компанияның кұрамына Ульянов автомобиль зауыты, Заволжье мотор зауыты, Елабугадағы «Соллерс Форд» БК (мұнда ресейлік люкс санаттағы Aurus көлігін шығарады) және Владивостоктағы «Мазда Соллерс», сондай-ақ, Ульяновтағы «Исузу Соллерс» бірлескен кәсіпорындарындағы үлестері кіреді. Қазір олардың тек екеуі ғана жұмыс істеп тұр. Соның бірі — УАЗ жеңілдетілген жиынтықтағы көліктер шығарса, ал Елабугада лимузиндерден басқа, Aurus Komendant жол талғамайтын көлігін шығаруға дайындалып жатыр.
Егор Васильев, корреспондент
27.09.2022, 10:49