Шетел нөмірлі көліктерді 250 мың теңгеге заңдастыруға рұқсат етеді
Бұл бір реттік шара болмақ және ол іздеуде жүрген көлік болмауы тиіс.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың шет елден әкелген көліктерін заңдастыра алатын механизм әзірлеуді тапсырды.
Оның айтуынша, Қазақстанда тіркелмеген көліктер заң аясынан тыс қалып, қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіріп жүр.
«Ал биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын», — деп мәлімдеді президент Қазақстан халқына жолдауында.
Егер көлікке іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен болса, онда утильдік алымды төлеп, төмендетілген тариф бойынша бастапқы тіркеуден өтуге болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қарашасында Ішкі істер министрлігі Қазақстанға кіретін автомобильдерді кең көлемді тексеруді бастады. Нәтижесінде олардың арасында көрші елдерде тіркеуден шығарылған көліктер көп екені белгілі болды.
Мысалы, ІІМ Қазақстанда жүріп жүрген 88 мың ресей нөмірлі автомобильдің Ресейде тіркеуден шығарылғанын анықтады. Полиция қызметкерлері қазақстандықтар көліктерді Ресейден сатып алып, бірақ үйге келген соң заңдастыру шараларынан толықтай өтпеген деп топшылайды. Осылайша, автомобильдер Қазақстанда да, Ресейде де тіркеуде жоқ болып отыр.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
01.09.2022, 12:56