Ресейде жаңа жеңіл көліктердің саудасы екі ай қатарынан өсіп келеді
Ресейліктер шілде айына қарағанда тамызда 20%-ға көп жеңіл көлік сатып алған, бірақ былтырғы осы айлармен салыстырғанда нарық айтарлықтай құлдырады.
Ресейде жаңа жеңіл автомобильдер нарығы маусым-шілдедегідей тамыз айында да қайта қалпына келе бастағанын көрсетті, деп хабарлайды autostat.ru сайты.
Тамызда ресейлік көлік әуесқойлары 42 мың 593 жаңа жеңіл көлік сатып алған, бұл 2022 жылдың шілдесіне қарағанда 20%-ға көп, деп хабарлайды аталмыш сайт «Электронды төлқұжат» АҚ деректерін өңдеу негізінде. Осылайша, ресейлік көлік нарығы 27 мың 458 бірлік қана көлік сатылған мамырдан кейін үш айдан бері қалпына келе бастағанын көрсетті. Жазда бастапқы автонарықтың көлемі ай сайын: маусымда 32 мың 731 данаға дейін, шілдеде 35 мың 583 бірлікке дейін және тамызда 42,6 мыңға дейін өсіп отырды.
Дегенмен де тамыз айының көрсеткішін былтырғы тамызбен салыстырсақ, бәрібір 64%-ға төмен. Ресей нарығында брендтер арасында бірінші орында жергілікті LADA тұр, оған Ресейде тамызда сатылған барлық жаңа көліктердің (15 мың 737 дана) 37%-ы тиесілі. Екінші орынды кореялық Kia бренді иеленді (3 мың 872 дана сатылған). Аса сұраныстағы бес көлік маркасының қатарына тағы үш қытайлық — Haval (3 040 дана), Chery (2 983 дана) және Geely (2 935 дана) брендтері еніп отыр.
Нәтижесінде, тамыздың қорытындысы бойынша, барлық үздік брендтер қосыла келе жалпы жаңа жеңіл автомобильдер нарығының үштен бірін құрады. Модельдер рейтингінде бәрібір LADA Granta алғашқы орында тұр: тамыз айында 11 мың 302 данасы сатылып, ол нарықтың жалпы көлемінің 25%-дан артығын еншіледі. Шетелдік модельдер арасында 2 мың 049 бірлігі сатылған Haval Jolion кроссоверінің нәтижесі ең жақсысы болды. Үшінші орында LADA Vesta (1 мың 880 дана), ал үздік бестікті нәтижелері бірдей Geely Coolray (1599 дана) мен Chery Tiggo 7 PRO (1595 дана) тәмамдап отыр.
Autostat.ru ресурсы сонымен қатар Литваның автонарығының тамыздағы қорытындысын жасаған екен. Мұндағы нарық жылдан сәл артық уақыттан бері тек биылғы тамызда ғана аз құлдыраған. Нарық 14 айдан бері төмендеп келіп, үштен бірге қысқарды. Ал тамызда сарапшылар көлік саудасында тұрақтылық орнағанын айтады. Бұл айда 0,6% деңгейінде «минималды минус» тіркеліпті.
Барлығы Литвада тамыз айында 2 мың 636 жеңіл және коммерциялық жеңіл автомобиль сатылып, брендтер арасында бірінші орынға 573 данасы сатылған Тоyota шықса, екінші орынға бұған дейін алдыңғы орында тұрған Volkswagen (429 дана) ығысқан. Үшінші орында — француздың Peugeot-сы (195 дана). Тамыздағы модельдер рейтингінде үздік үштікке Toyota Corolla (134 дана), Toyota RAV4 (120 дана) және Volkswagen Taigo (105 дана) енді. Коммерциялық жеңіл автомобильдер сегментінде бірінші орында Peugeot Partner (94 дана) тұр.
Тамыз айында Литвада жаңа электромобильдердің саудасы төмендеді. Жалпы нарықтың төмендегеніне қарамастан, олар бірнеше ай қатарынан өсім көрсетті. Бірақ биылғы тамызда литвалықтар барлығы 116 электрокар сатып алған, бұл былтырғы көрсеткіштен 21,1%-ға аз. Өткен айдағы көп сатылған (18 дана) Volkswagen ID.4 моделі болды. Жалпы қаңтар-тамыз аралығында аталмыш елде 20 мың 705 жаңа көлік тіркеліпті, бұл былтырғы 8 аймен салыстырғанда (26 мың 834 дана) 22,8%-ға аз.
Егор Васильев, корреспондент
05.09.2022, 13:41