Ресей үкіметі электрокарларға арналған полигон салуға қаржы бөлмекші
Бұған дейін елдің өнеркәсіп және сауда министрлігі ұлттық автопарктегі электрлі көліктердің үлесін 2030 жылға қарай 400 есеге арттыруды көздейтінін мәлімдеді.
Ресей үкіметі электромобильдерді сертификаттау үшін сынақ кешенін құруды қаржыландырмақшы, тиісті қаулыға РФ үкіметінің басшысы Михаил Мишустин 1 қыркүйекте қол қойды, деп хабарлайды Ресей үкіметінің ресми сайты.
«Ресейде отандық электромобильдердің, сондай-ақ отын ретінде сутегін пайдаланатын көліктердің жаңа маркаларын жасау жұмыстары жалғасып жатыр. Үкімет төрағасы Михаил Мишустин осындай әзірлемелермен айналысатын ресейлік ғылыми және зерттеу орталығына субсидия беру ережесін бекітетін қаулыға қол қойды», — делінеді баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар ресей билігі сынақ кешенін әзірлеушіге 1,5 млрд рубль (11,6 млрд теңге) көлемінде субсидия бөлуге уәде етті. Аталмыш кешен қозғалтқыштар мен аккумуляторларды тексеру үшін, сондай-ақ көліктің отқа беріктігін тексеретін стендтер мен краш-сынақтарға арналған қондырғыларды жасауы тиіс. Сонымен бірге кешен құрамында сынақ полигоны мен бірі – электромобильдерді жоғарыжылдамдықта қуаттау үшін, екіншісі сутегімен отынымен толтыруға арналған екі қуаттау станциясы болуы тиіс.
Субсидия алушыны Ресей Федерациясының өнеркәсіп және сауда министрлігі конкурстық негізде таңдайтын болады. Ресей үкіметінің баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта елде төрт ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Олардың барлығы субсидия алу үшін талаптарға сай келеді. Жоба 2022-2023 жылдар аралығында қаржыландырылады. Конкурста жеңімпаз болған мекеме кешенді тұрғызып, онда 2024 жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірмей экологиялық автокөліктерге сынақ пен сертификаттауды бастауы тиіс.
Осыған дейін ресейлік өнеркәсіп және сауда министрлігі елдің Автомобиль өнеркәсібін дамыту стратегиясы жобасын жариялап, соған сәйкес 2030 жылға қарай электромобильдердің үлесі Ресейдің жалпы автонарығының 15%-ын құрауы тиіс деп атап көрсетті. Бүгінгі таңда Ресейде тіркелген электромобильдердің үлесі бар болғаны 0,04%-ды ғана құрап отыр. Аталмыш Стратегияны іске асыру аясында жыл сайын саудасын 65-70%-ға өсіре отырып жоғары деңгейлі жерсіндірілген электрлі автомобильдердің түрлерін шығаруды жолға қоюды көздейді.
Сондай-ақ РФ салалық министрлігі жеңілдетілген автонесие бағдарламасын ұзартуы мүмкін. Бұл бағдарлама 2022 жылдың 1 желтоқсанына дейін жұмыс істейді, бірақ аталған мерзім аяқталған соң қайта жалғасуы мүмкін. Бағдарламаға Липецк облысында шығарылатын Evolute маркалы электромобильдері қатысады. Оларға автомобиль құнының 35%-ы көлемінде үлкен жеңілдік бар, бірақ жеңілдік 925 мың рубльден (6,5 млн теңге) артық жасалмайды. Шыны керек, Ресейде Evolute электромобильдері биылғы қыркүйектен бастап шығарыла бастайды, ал 2023 жылы нарыққа АвтоВАЗ-дың E-Largus электрлі фургондарының тәжірибелік партиясы шығуы тиіс.
Автостат агенттігі мен «Электронды төлқұжат» АҚ мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылдың сегіз айында Ресейдің жаңа электромобильдер нарығы 30,5%-ға өсіп, 1 мың 595 көлікті құрады. 2022 жылды тамызында ресейліктер 180 жаңа электромобиль сатып алған, бұл алдыңғы жылғыдан 6,7%-ға аз.
Егор Васильев, корреспондент
09.09.2022, 13:19