Renault Ресейге қосалқы бөлшектерді қайта жеткізе бастады
Француз компаниясының Ресейдегі жалғыз ресми дистрибьюторлары АвтоВАЗ бен оның «Лада-Имидж» еншілес кәсіпорны болмақ.
Француздың Renault көлік өндірушісі биылғы мамырда Ресейден кеткен соң, осы елге қосалқы бөлшектерді қайта жеткізе бастады, деп хабарлайды car.ru.
Renault-мен арадағы уағдаластықтарға сәйкес, АвтоВАЗ бен оның «Лада-Имидж» еншілес кәсіпорны осы марканың көліктері үшін түпнұсқа қосалқы бөлшектер жеткізетін Ресей Федерациясындағы ресми өкілі болып бекіді. АвтоВАЗ-дың мәліметтері бойынша, Renault-ға арналған қосалқы бөлшектерді жеткізу 95%-ға қалпына келген, ал сатылғаннан кейін қызмет көрсету туралы серіктестік келісімдерге француз маркасының 155 дилерлік орталығының 154-імен қол қойылған.
Аталған орталықтарда Renault автомобильдеріне кепілдік жөндеу және жоспарлы техникалық қызметтері көрсетілетін болады. Тольятти автомобиль зауытының мәлімдемесіне сәйкес, қазіргі таңда 155 автодилерден тек 91 орталық қана өзгеріссіз жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар тек бес шоурум ғана бұрынғы қызмет бағытын сақтап қалды, ал қалғандары түрлі марка көліктерін немесе жүрілген көлік құралдарын сатуды қоса атқарып жатыр.
Жабылып қалған бес орталықтың төртеуі жұмысын қайта бастауға дайын, қазір соңғы бесіншісімен келіссөздер жүріп жатыр. Renault-ға арналған қосалқы бөлшектермен жабдықтауды 60-тан астам жеткізуші жүзеге асыруда, АвтоВАЗ шетелдік және отандық өндірістен шыққан қосалқы бөлшектердің көбін жеткізуді қалпына келтірді, тізімдегілердің 5%-ы үшін әзірге балама көздер табылған жоқ. АвтоВАЗ саудадан кейінгі қызмет көрсету барысында француз маркасының стандарттарын сақтауға кепілдік бергенін айта кеткен жөн.
Сонымен бірге, Lada дилерлері пайдаланатын тәсілдер бойынша саудадан кейін қызмет көрсетудің жаңа бағдарламаларын енгізу көзделген. Тәсілдемелерді бірізділендіру қызмет көрсетудің әр түрлері мен түрлі жылғы, сондай-ақ түрлі маусымдық ұсыныстардың автомобильдері үшін дисконттық бағдарламалардың пайда болуына ықпал етеді. Renault қызметкерлерінің бір бөлігі қазірдің өзінде АвтоВАЗ-ға және «Лада-Имидж»-ге ауысты.
Айтпақшы, АвтоВАЗ Renault-ның қазіргі дилерлерін өзінің дилерлік желісіне қосатын ойы бар. Тамыздың басында АвтоВАЗ ресейлік Renault автомобильдерінің сапасы үшін мойнына жауапкершілік алмайтынын мәлімдегеніне қарамастан, бұл бағыттағы жұмыс 2023 жылы басталуы мүмкін. Ал жауапкершілікке келер болсақ, ол, үшжақты келісімге сәйкес, «Рено Россия»-ның құқықтық мұрагеріне айналған «Москвич» зауытына жүктеліп отыр.
Renault Ресейден биылғы мамырда кетті: компания «Рено Россия» зауытын Мәскеу билігіне, ал АвтоВАЗ-дағы үлесін ФГУП ҒАМИ мекемесіне (Ресеймүлікке тиесілі) табыстады, дегенмен Renault-ның 6 ай ішінде кері сатып алу құқығы бар. Осыдан соң Renault-ның ресейлік кәсіпорны, яғни бұрынғы АЗЛК зауыты «Москвич» болып өзгертіліп, оның дамуына ресейлік бас қала билігі мен «КамАЗ» ЖАҚ бас директоры Сергей Когогин 5 млрд инвестиция құюға келісті.
Француз компаниясы Ресейден кеткен соң 1,36 млрд еуро таза шығын шеккен. Оның себебі, JPMorgan деректері бойынша, Renault үшін Ресей көлемі жағынан Франциядан кейінгі екінші нарық болатын. Француз концерні пайдасының 15%-ын Ресейдегі саудасы құрап келді. Осының салдарынан аталмыш марканың автомобильдерінің сауда көлемі 2021 жылдың қаңтар-маусымындағы 1 422 697 бірлікпен салыстырғанда 2022 жылдың дәл осындай кезеңінде 1 000 199 бірлікті ғана құрады.
Егор Васильев, корреспондент
20.09.2022, 13:06