Қытайлық BYD Таиландта электромобильдер шығарады
Электромобильдердің өндірісі 2024 жылға жоспарланған.
Қытайдағы альтернативті энергия көздерінен (NEV) қуат алатын автокөліктердің ірі өндірушісі BYD 2024 жылға қарай Таиландта өз кәсіпорынын іске қосуды жоспарлап отыр. Зауыт жылына 150 мың электромобиль шығаратын болады. Көліктер жергілікті нарық пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жеткізілмек.
Жаңа зауыттың құрылысын тайландтық WHA Group (Таиландтағы өнеркәсіптік аймақтарының құрылысын жүргізуші) компаниясы қолға алады, деп жазады Chinadaily.
2022 жылдың қаңтарынан тамызына дейін бүкіл әлем бойынша BYD-тың 983,8 мың данасы сатылған. Ал тамыз айында компания Таиланд нарығына шығатыны туралы хабарлады.
Қазіргі таңда Таиландтың автомобиль өнеркәсібі әлемдегі ең ірі өндірістердің бірі болып табылады. Ал оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы (ASEAN) аясындағы еркін сауда туралы келісімнің арқасында жергілікті өндірілген автокөліктердің жартысынан көбі экспортқа жіберіледі.
Пандемияға дейін Таиландта жылына шамамен 2 миллион автокөлік шығарылды. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш жылына 1,4 млн көлікке дейін төмендеп кетті. Қазір жергілікті автокөлік өнеркәсібі 2018-2019 жылдарда көрсеткен жоғары деңгейге оралуды көздеп отыр. Алайда әлі бұл көрсеткішке жеткен жоқ.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
10.09.2022, 13:38