Қытай 2022 жылдың тамызында 300 мыңнан астам көлік экспорттады
Аспанасты елінің компаниялары жаңа қуат көздерімен жұмыс істейтін көліктердің экспортын арттырып жатыр.
Қытай 2022 жылдың тамызында 308 мың көлік экпорттады. Бұл өткен жылдың дәл сондай кезеңімен салыстырғанда 65%-ға көп. Әрі биылғы шілдеге қарағанда көрсеткіш 6,2%-ға артып тұр.
Қытай автоөндірушілер қауымдастығының деректеріне сүйенсек, бұл ел бұрын-соңды 300 мың көлікке дейін экспорттамаған, деп жазады Chinadaily ресурсы.
Қытайда шығарылған жеңіл автокөліктердің экспортталуы шетелде сауда деңгейін жоғарлатты. Мәселен, 2022 жылдың тамызында 260 мың жеңіл көлік экпортталды. Бұл 2021 жылғы тамызға қарағанда 68,7%-ға және 2022 жылғы шілдеге қарағанда 7,6%-ға артық.
Сонымен қатар, балама қуат көздеріндегі (NEV) көліктердің де шетелде саудасы өскен. 2022 жылы тамыз айында Қытайдан олардың 83 мың данасы экспортталды. Бұл өткен жылға қарағанда 82,3%-ға және 2022 жылғы шілдеге қарағанда 53,6%-ға көп. Сонымен қатар, 2022 жылдың қаңтар-тамыз аралығында Қытай 340 мың балама қуат көздерімен жүретін автомобильдерді экспорттады. Бұл 2021 жылдың дәл сондай кезеңімен салыстырғанда, екі есе үлкен көрсеткіш.
Жалпы алғанда 2022 жылдың сегіз айында Қытай 1,82 миллион көлік құралын экспорттады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52,8%-ға көп.
Автокөлік нарығын талдау және мониторингілеу орталығының мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанда қытай маркаларының автомобилінің 2 981 данасы сатылды. Атап айтқанда:
- JAC — 1 231;
- Chery — 995;
- HAVAL — 499;
- EXEED — 256.
Қазақстанда биылғы жылға қарағанда, 2021 жылдың алғашқы жартысында қытайлық көліктер айтарлықтай аз сатылған. Ол кезде ішкі нарықта 1 395 көлік саудаланды.
- JAC — 1 034 көлік;
- HAVAL — 361.
Қытай автоөндірушілері тек Қазақстанға ғана емес, Ресейге де қызығушылық танытып жатыр. Биылғы жартыжылдықта қытайлық Chery және HAVAL брендтері Ресейдегі ең көп сатылған үздік оң көліктің қатарына енді. Олар жергілікті автомобиль нарығының 3,6% үлесін еншілейді. Мәселен биыл басқа брендттердің сату көрсеткіші екі есеге төмендегенмен, Chery және HAVAL-дың көрсеткіші соншалықты төмен емес. Олардың саудасы 20%-ға және 18%-ға ғана азайды.
Ал егер Ресейде ұсынылған ең үздік 25 брендті қарастырсақ, тек қытайдың EXCEED бренді ғана 2021 жылдың қаңтар-шілдесімен салыстырғанда оң нәтиже көрсетті. Бұл көліктердің саудасы 3,5 есе өсті.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
13.09.2022, 11:40