Қазақстанның мектептеріне отандық өндірістен шыққан 300-ге жуық автобус беріледі
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде оқушыларды тасымалдауға 758 арнайы автобус қажет.
Елімізде мектеп автобустарының өндірісімен Qaztehna зауыты айналысады. Кәсіпорын Саран қаласындағы (Қарағанды облысы) өнеркәсіп аумағында орналасқан. Qaztehna зауыты жылына 1,2 мың дана көлік құрастыра алады. Онда 2023 жылы 800 бірлік техника шығарылады деп күтіліп отыр.
Қазір зауытта Yutong ZK6745DX мектеп автобустарын шығарады. Автобустар дизель отынымен жұмыс істейді.
«Өндірісті бастау үшін Yutong компаниясындағы серіктестерімізбен бірлесе отырып үлкен жұмыстар атқарылды. Шанақтарды бояу, дәнекерлеу жөніндегі процесстерді реттеп, кішітораптық өндірістің барлық кезеңдерінде жоғары бақылауды қамтамасыз ету қажет болды. Жалпы алғанда, мектеп автобустарын жерсіндіру деңгейі 30%-ды құрайды. Ішкі нарықтағы аккумуляторларды, бұрауларды, өткізгіш өнімдерді және дөңгелектерді орнату есебінен жергілікті өнімнің үлесін арттыру жоспарланып жатыр», — деді Qaztehna CARMA.KZ редакциясына.
Жергілікті өндірістен шыққан мектеп автобустарында төрт нүктелі қауіпсіздік белдіктері, орындықтардың әр қатарында сигналдық тоқтату түймесі, бүйірлік соқтығысу кезінде жолаушылардың қауіпсіздігі үшін биік еден, мектеп рюкзактарын қоятын сөрелер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тасымалдауға арналған жылжымалы пандус қарастырылған. Ал жолаушылар аймағындағы бүйірлік терезелер төменгі бөліктің жартысына дейін жабық етіп жасалған.
Qaztehna 2022-2023 жыл аралығында еліміздің мектептеріне келесідей мөлшерде автобустарды беруді жоспарлап отыр:
- Түркістан облысы — 71 бірлік;
- Ақмола облысы — 61;
- Батыс Қазақстан облысы — 40;
- Павлодар облысы — 32;
- Қостанай облысы — 30;
- Ақтөбе облысы — 23;
- Қарағанды облысы — 19;
- Алматы облысы — 7;
- Жамбыл облысы — 4.
Зауыт тек мектеп автобустарын ғана емес, сонымен қатар қарапайым жүк көліктерін де шығаратынын айтты. Олардың барлығы әртүрлі отынмен жұмыс істейді. Бірақ электрлі көліктерді дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр.
Бүгінгі таңда Qaztehna кәсіпорнынан шыққан автобустардың бір бөлігін Ақмола облысының мектептері алды. Олар Көкшетау қаласында жергілікті білім басқармасына салтанатты түрде табыс етілді.
Мектеп автобустарын сатып алу «Өнеркәсіпті дамыту қорының» лизингтік бағдарламасы арқылы қаржыландырылады және білім министрлігі қолдауымен сатылады.
Ақмола облысынан бөлек, Qaztehna автобустарды Ақтөбе, Қарағанды және Түркістан облыстарының мектептеріне беріп үлгерді.
2022 жылғы маусымда білім министрі Асхат Аймағамбетов, елімізде мектеп автобустарына арналған паркті жаңарту әлі де өзекті екенін мәлімдеді. Мекеменің деректері бойынша, 21 мың оқушы мектепке тасымалдауды қажет етеді. Оларға 758 арнайы автобус керек. Алайда соңғы үш жылда Қазақстандағы мектептер тек 203 бірлік көлік құралын сатып алды.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
15.09.2022, 10:58