Меню CARMA.KZ

Қазақстанда ЖҚС-тардағы дизельді есептеп отыратын жүйе іске қосылды

Энергетика министрлігінің мәліметінше, сервисті жасауға бюджеттен қаражат жұмсалмаған.

Қазақстанда ЖҚС-тардағы дизельді есептеп отыратын жүйе іске қосылды / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Қазақстанда ЖҚС-тардағы дизельді есептеп отыратын жүйе іске қосылды / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

2022 жылғы 15 қыркүйекте Энергетика министрлігі елімізде дизель отынын сараланған бағамен сатуды бақылайтын жүйені іске қосты. Енді ЖҚС-тар нақты уақыт режимінде белгілі бір автомобильдің тұтыну көлемін тексере алады.

Мәселен, жеңіл көліктердің иелері қолында қазақстандық жүргізуші куәлігі болған жағдайда 230-260 теңге бағада тәулігіне 100 литрге дейін дизель сатып ала алады. Одан артық көлемді 450 теңгемен сатып алады. Жүк көліктерінің жүргізушілері қазақстандық жүргізуші куәлігі мен тіркеу туралы куәлікті ұсынған кезде, тәулігіне 230-260 теңге бағамен 300 литрге дейін дизель ала алады.

ЖҚС-тар жүргізушілердің және сатылған дизель көлемі туралы деректерді жаңа есепке алу жүйесіне енгізулері тиіс. Қазірдің өзінде екі мың жанармай құю станциясы қажетті логиндер мен парольдерді алды.

«ҰАТ» АҚ келіп түскен өтініштерге сәйкес, елдің екі мың ЖҚС үшін логиндер мен парольдер ұсынылды, оның ішінде 271 ЖҚС іс жүзінде қолданыла бастады, яғни жүйені пайдаланушылар ретінде іске қосылғаннан кейін бірден «кіруді орындады». Жалпы ел бойынша 2365 сату жүргізілді», — делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

Ведомство жаңа жүйе ішкі істер, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің қолдауымен әзірленгенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, дизель тапшылығын болдырмау үшін Қазақстанда сараланған тариф енгізілді. Енді дизель отыны литріне 450 теңге тұрады, бірақ лимит қойылған дизель отынын Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларында 260 теңгеден және қалған өңірлерде 230 теңгеден сатып алуға болады. Жеңіл көліктер үшін күнделікті лимит — 100 литр, жүк машиналары үшін 300 литрді құрайды.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
17.09.2022, 12:46