Қазақстанда дизель отынының сатылуы барысында қандай заң бұзушылықтар анықталды
Энергетика министрлігі бірқатар жанармай құю станциясына айыппұл салмақшы.
2022 жылдың 15 қыркүйегінде Энергетика министрлігі Қазақстанда дизельді сараланған баға бойынша сатуды бақылайтын жүйені іске қосты. Министрліктің деректері бойынша, қазірдің өзінде 2300-ден астам ЖҚС логин мен кілтсөз алған, мыңға жуық бекет жүйеге «енуді» жүргізген. Жаңа жүйе арқылы 133 мың рет дизель саудасы жасалған.
Жүргізушілердің көрсеткен құжаттарының барлығы ІІМ, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде, сондай-ақ мемлекеттік несие бюросында тексеруден өтеді, деп мәлімдеді энергетика министрлігі.
Ведомстводағылардың айтуынша, дизельді сатып алған соң жүргізушіге 1414 нөмірінен қалдық лимит туралы ақпараты бар SMS жіберіледі. Сондай-ақ әрі қарай қадағалап отыру үшін мәтінде сауданың бірегей нөмірі көрсетіледі.
Дегенмен жүйе ЖҚС-тардан бірқатар заң бұзушылықты анықтап отыр, деп жазады энергетика министрлігі. Бірқатар бекетте есепке алуды бақылау құралдары жоқ, көлік құралдарында қайта жабдықтауға арналған тиісті рұқсат болмай шыққан. Сондай-ақ басқа көлік құралының құжатын көрсете отырып дизель құю әрекеттері болғаны тіркеліп отыр.
«Әкімшілік айыппұл салу, немесе белгілі бір мерзімге дейін лимиттер беруді тоқтату шаралары қарастырылуда. Сонымен қатар, мұндай оқиғаларды азайту үшін автомобиль нөмірін санайтын бейнетіркеу жүйесінің көмегімен ЖҚС аумағында автомобильдерге бақылау жүргізу мәселесі пысықталып жатыр», — делінеді Энергетика министрлігінің хабарламасында.
Қазір министрлік екінші деңгейлі банктермен жүйеге клиенттің деректерін автоматты түрде толтыру қызметін және лимитке онлайн өтініш беруді енгізу жайын келісіп жатыр. Осы статистиканың негізінде алдағы уақытта мұнай өнімдерін жеткізу мен оның еліміздің аймақтары бойынша жеткізу мерзімдерінің жоспары автоматтандырылуы мүмкін.

Ербол Мухамбаев, корреспондент
29.09.2022, 10:32